Эмоционалдық интеллект және оның екінші тілді меңгерудегі рөлі: лингводидактикалық және психологиялық аспектілер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2033202621Аңдатпа
Мақалада эмоционалдық интеллектінің екінші тілді меңгеру үдерісіндегі рөлі лингводидактикалық және психологиялық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі тіл үйренудегі аффективті факторлардың маңыздылығының артуымен және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі көптілді ортада студенттердің эмоциялық дайындығын ескеру қажеттілігімен байланысты. Зерттеудің мақсаты – студенттердің эмоционалдық интеллектісі, шет тілін үйрену кезіндегі мазасыздық деңгейі және коммуникативтік құзыреттіліктің қалыптасуы арасындағы байланысты анықтау. Зерттеу барысында сипаттамалық және корреляциялық талдау әдістері қолданылды. Эмпирикалық деректер 120 студенттен FLCAS және TEIQue-SF шкалалары негізінде әзірленген сауалнама арқылы жиналды. Зерттеу нәтижелері эмоционалдық интеллект пен шет тілін үйренудегі мазасыздық арасында кері байланыс бар екенін көрсетті: өзін-өзі реттеу, эмпатия және эмоциялық тұрақтылық деңгейі жоғары студенттерде мазасыздық төмен болып, ауызша коммуникацияға қатысуға дайындығы жоғары болады. Сонымен қатар эмоционалдық интеллект аффективті кедергіні азайтуға, оқу мотивациясын арттыруға және студенттердің екінші тілді меңгеру барысындағы сенімділігін күшейтуге ықпал ететіні анықталды. Зерттеудің практикалық маңызы оның нәтижелерін эмоциялық қолдауға негізделген оқыту стратегияларын, коммуникативтік тапсырмаларды және тілдік білім беру бағдарламаларын әзірлеуде қолдануға болатындығымен айқындалады. Қорытындысында эмоционалдық интеллект екінші тілді табысты меңгерудің маңызды құрамдасы және тілдік білім беруді ізгілендірудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады.
Түйін сөздер: эмоционалдық интеллект, екінші тілді меңгеру, аффективті сүзгі, тілдік мазасыздық, коммуникативтік құзыреттілік, лингводидактика, өзін-өзі реттеу, Қазақстандағы жоғары білім.







