Қазақ және қытай тілдеріндегі өсімдік паремиялары: концептуалды метафора және мәдени-прагматикалық кодта

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/EJPh203320265

Аңдатпа

Мақалада қазақ және қытай тілдеріндегі өсімдік компоненті бар паремиологиялық бірліктер концептуалды метафора теориясы, мәдени концептуалдау және мәдени-прагматикалық кодтау тұрғысынан салғастырмалы түрде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – өсімдік бейнелері арқылы іріктелген екі тілдік материалда адам дамуы, орта, еңбек, тәрбие, уақыт, туыстық және әлеуметтік байланыс ұғымдарының қалай модельденетінін анықтау.

Бұл жұмыста «паремия» термині кең мағынада қолданылып, тар мағынадағы халық мақал-мәтелдерімен қатар, паремиологиялық қолданысы тұрақтанған афористік тіркестер, қытай тіліндегі чэнъюй (қыт.成语) түріндегі тұрақты фразеологиялық бірліктер және классикалық мәтіннен ауызша-дидактикалық қолданысқа өткен қысқа қанатты сөздер қамтылды. Талдау материалы ретінде қазақ тілінен – 50, қытай тілінен 50 бірлік іріктеліп, әрбір бірлік өсімдік компоненті, бастапқы домен, мақсатты домен, метафоралық қызметі және эмоциялық-прагматикалық бағдары бойынша кодталды.

Талдау нәтижелері өсімдік бейнесі екі тілде де адамның қалыптасуы мен әлеуметтік тәжірибесін түсіндіретін өнімді бастапқы домен екенін көрсетіп, бес модельді айқындады: Өсу – қалыптасу, Тамыр – негіз, Гүл/жапырақ – сұлулық пен өтпелілік, Дән/егін – еңбек пен салдар, Тікен/арамшөп – қауіп пен ескерту. Қазақ материалында тамыр, ағаш, дән, егін, гүл бейнелері көбіне өскен орта, қауымдық тірек, еңбек және табиғатпен үйлесім ұғымдарымен байланысады. Қытай материалында ағаш, тамыр, жапырақ, гүл, тұқым және егін бейнелері уақыт, тәрбие, мүмкіндік, ұрпақ сабақтастығы және әрекет салдары сияқты мағыналық өрістермен жиі ұштасады. Бұл айырмашылықтар мәдениеттердің тұрақты немесе біржақты сипаты ретінде емес, осы зерттеуде іріктелген корпус шегіндегі когнитивтік-прагматикалық басымдықтар ретінде түсіндіріледі. Зерттеу нәтижелері паремиядағы метафораны аудармада, мәдениаралық коммуникацияда және қазақ-қытай тілдерін оқытуда контекстік тұрғыдан түсіндірудің маңызын көрсетеді.

Түйін сөздер: паремия; концептуалды метафора; өсімдік бейнесі; қазақ тілі; қытай тілі; мәдени-прагматикалық кодтау.

Автор өмірбаяны

  • Г. Байшань, Шанхай шет тілдері университеті, Қытай Халық Республикасы, Шанхай қ.

    Байшань Г. – Шанхай шет тілдері университетінің Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (Қытай, Шанхай қ., e-mail: 02600@shisu.edu.cn)

Жарияланды

2026-09-20