Қазақ прозасындағы эмоция мен символдың метамәтіндік сипаты
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh203320266Аңдатпа
Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы эмоция мен символдық бейнелердің көркем мәтіннің интерпретациялық әрі бағалау кеңістігін қалыптастырудағы қызметі лингвопоэтикалық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеу аясында эмоция, символ және метамәтін арақатынасы көркем ойлау жүйесінің маңызды тетігі ретінде сипатталып, символдың оқырман санасына мәдени-когнитивтік ықпал ететін семиотикалық құрылым екендігі айқындалады. Көркем мәтіндегі әрбір эмоциялық күй тікелей символдық деңгейге көтеріле бермегенімен, символдың эмоциялық мазмұнды өз бойына жинақтап, оқырманның қабылдау үдерісіне әсер ететін көпқабатты мағыналық өріс түзетіні дәлелденеді. Осы тұрғыдан символ мәтіннің ішкі семантикалық құрылымы мен ұжымдық мәдени жад арасындағы байланысты қамтамасыз ететін медиативтік таңбалық жүйе ретінде танылады.
Зерттеудің дереккөзі ретінде Асқар Алтай шығармаларындағы «Туажат», «Алтай балладасы» романдары, Қабдеш Жұмаділовтің «Сиқымбай», «Толған айдың түні» әңгімелері, сондай-ақ Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Жиырма жас», «Әулеттің иесі», «Келін» әңгімелері алынды. Талдау барысында аталған туындылардағы эмоциялық кодтар мен символдық бейнелердің ұлттық дүниетаным, мәдени жад және авторлық концепциямен сабақтастығы сараланды. Әдіснамалық тұрғыдан зерттеу эмоция–символ–метамәтін байланысын функционалды-прагматикалық және лингвосемиотикалық бағытта пайымдауға негізделіп, көркем мәтіндегі астарлы мағыналардың тілдік ұйымдасу тетіктерін анықтауға бағытталады.
Түйін сөздер: когнитивті лингвистика, эмоция, символ, метамәтін, қазақ прозасы.







