Дәурен Тілеухан шығармаларындағы эмоционалдық концептілердің рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2033202616Аңдатпа
Мақала қазіргі қазақ поэзиясының жас өкілі Дәурен Тілеуханның лирикасындағы эмоционалдық концептілерді когнитивтік әдебиеттану тұрғысынан талдауға арналған. Зерттеудің басты назары ақынның өлеңі оқырман санасында сезім әлемін қалай тұрғызып, эмпатиялық қабылдауды қалай ұйымдастыратынында. Жұмыстың мақсаты – Д. Тілеухан жырларында тұрақты орын алатын мұң, сағыныш, махаббат, жалғыздық, үміт, бақыт концептілерін айқындап, олардың көркем мәтіндегі символдық-метафоралық өрнегі мен танымдық-эстетикалық қызметін ашу. Талдау когнитивтік поэтика мен концепт теориясының қағидаттарына сүйеніп, мәтінді жақыннан оқу және интерпретациялау арқылы жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде бұл концептілер ақынның дүниетанымдық моделін құрайтын біртұтас концептосфераға ұйысатыны, олар оқырманның сезімін оятып, оны көркем әлемге ендіретін когнитивтік тетік ретінде жұмыс істейтіні көрсетілді. Ерекше назар мұң мен сағыныш концептілерінің жетекші рөліне, олардың ай, түн, жол, от, көбелек бейнелері арқылы денелік әрі кеңістіктік тұрғыдан ұғынылуына аударылды. Жұмыстың ғылыми жаңалығы – жас ақынның идиостилін когнитивтік әдебиеттану аспектісінде алғаш рет жүйелі қарастыруында. Практикалық маңызы – нәтижелердің қазіргі қазақ поэзиясын когнитивтік поэтика тұрғысынан зерттеу мен оқытуда пайдаланылу мүмкіндігінде. Сонымен қатар мақалада эмоционалдық концептілердің өзара байланысы ақынның поэтикалық концептосферасын қалыптастыратын негізгі құрылым ретінде сипатталады. Мұң мен сағыныш концептілері лирикалық мәтіндегі өзек мағыналар ретінде танылып, махаббат, жалғыздық, үміт және бақыт концептілерімен сабақтастықта қарастырылады. Бұл талдау Дәурен Тілеухан поэзиясындағы эмоционалдық бейнелердің оқырман санасында көркем әлем құрудағы және эмпатиялық әсер тудырудағы қызметін нақтылауға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: концепт, когнитивтік әдебиеттану, эмоция, поэзия, концептосфера, эмпатия, когнитивтік поэтика.







