Т. Кәкішұлы зерттеуіндегі ұстаным: тұлға және дәуір
DOI:
https://doi.org/10.26577/Аңдатпа
Мақалада қазақ әдебиеттануы мен әдеби сын тарихында өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының әдеби тұлғаны тарихи дәуірмен сабақтастықта қарастырудағы зерттеушілік ұстанымы талданады. Зерттеудің негізгі нысаны – ғалымның «Ескірмейді естелік» еңбегіндегі Сәбит Мұқанов тұлғасына қатысты тарихи-әдеби пайымдары, деректік тұжырымдары мен ғылыми бағалау өлшемдері. Зерттеудің өзектілігі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуындағы күрделі қоғамдық-саяси үдерістерді бүгінгі әдебиеттанудың ғылыми ұстанымдары тұрғысынан қайта пайымдау, сондай-ақ кеңестік дәуірдегі әдеби тұлғалардың шығармашылық мұрасын тарихи жағдайлармен сабақтастықта объективті бағалау қажеттілігімен айқындалады. Мақаланың мақсаты – Т. Кәкішұлының С. Мұқановтың шығармашылық және қоғамдық болмысын танудағы зерттеушілік ерекшелігін анықтап, оның тұлға мен дәуір арақатынасын түсіндірудегі ғылыми ұстанымдарын жүйелеу. Зерттеу барысында тарихи-әдеби, салыстырмалы талдау, жүйелеу және жинақтау әдістері қолданылды. Негізгі материал ретінде «Ескірмейді естелік» еңбегіндегі әдеби-тарихи деректер, замандастар арасындағы шығармашылық байланыстар, хаттар, естеліктер және С. Мұқановтың әдеби-сыни көзқарастарына қатысты тұжырымдар қарастырылды. Талдау барысында жазушының Абай мұрасын бағалаудағы көзқарасының өзгеруі, Алаш қаламгерлеріне қатынасы, Мағжан Жұмабаев және Сәкен Сейфуллинмен әдеби-шығармашылық байланыстары, сондай-ақ қоғамдық ұстанымының қалыптасуына тарихи-идеологиялық жағдайлардың ықпалы сараланды. Зерттеу нәтижесінде Т. Кәкішұлының әдеби тұлғаны бағалауда тарихилық, деректілік және сыншылдық ұстанымдарын өзара сабақтастыра қолданатыны айқындалды. Ғалымның С. Мұқанов тұлғасын біржақты бағалаудан гөрі оның шығармашылық жетістіктері мен дүниетанымындағы қайшылықтарды дәуір шындығы аясында түсіндіруге ұмтылатыны көрсетілді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы Т. Кәкішұлының әдеби тұлғаны танудағы зерттеушілік ұстанымдарын аталған үш өлшем негізінде жүйелеп, естелік сипатындағы деректердің әдеби-тарихи таным қалыптастырудағы қызметін нақтылаумен сипатталады. Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиеттануындағы тұлғатану, мұқановтану, әдеби сын тарихы және мемуарлық мұраны зерттеу бағыттарын дамытуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихын оқытуға пайдаланылуы мүмкін.
Түйін сөздер: Тұрсынбек Кәкішұлы, Сәбит Мұқанов, зерттеушілік ұстаным, тұлға және дәуір, тарихилық, деректілік, әдеби сын, мұқановтану.







