Лингвистика терминдерінің ақпараттық-семиотикалық табиғаты
DOI:
10.26577/EJPh202220269Аңдатпа
Мақалада лингвистика терминдерінің ақпараттық-семиотикалық табиғаты зерттелді. Лексикалық мағына мен терминологиялық мағынаның айырмашылығы, ғылыми және мәдени ақпараттардың берілу ерекшеліктері сипатталды. Зерттеудің мақсаты – лингвистика терминдерінің семиотикалық және ақпараттық сипатын анықтау, когнитивтік құрылыммен байланысын, терминдердің ғылыми коммуникациядағы рөлін көрсету. Талдау нәтижесінде терминнің үш түрлі қыры бар екендігі анықталды: семиотикалық, ақпараттық, когнитивтік. Мақалада терминнің осы үш сипаты жеке-жеке талданып өзара байланысы анықталды. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы лингвистикалық терминдерді номинативтік бірлік ретінде емес, ғылыми ақпарат пен мәдени танымды біріктіретін семиотикалық құрал ретінде сипаттаудан көрінеді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы қазақ тіл білімі терминдерін жүйелеу, лингвистика терминдерінің сөздігін құрастыру, тіл білімін оқытуда пайдалануға негізделеді. Зерттеудің әдістемесі ретінде теориялық талдау, салыстырмалы және сипаттамалы әдіс, тірек-сызба әдісі, когнитивтік талдау әдісі қолданылды. Зерттеудің материалы ретінде қазақ тіл білімінің терминдері, терминологиялық сөздіктер мен ғылыми еңбектер алынды. Лингвистикалық терминдердің ұлттық таныммен байланысы Ахмет Байтұрсынұлы жасаған грамматика терминдерінің уәжін көрсету арқылы айқындалды. Зерттеу нәтижесінде терминдер ғылыми ұғымды таңбалайтын тілдік бірліктер ғана емес, ғылыми ақпаратты кодтайтын, сақтайтын, жеткізетін семиотикалық құрал екендігі анықталды. Бұл мақала лингвистика терминдерін ақпараттық-семиотикалық тұрғыдан талдау арқылы терминология теориясын толықтыруымен құнды. Алынған нәтижелерді терминология, когнитивтік лингвистика, лингвосемиотика салаларындағы зерттеулерде қолдануға болады.
Түйін сөздер: лингвистика терминдері, терминология, семиотика, ғылыми коммуникация, ғылыми ақпарат, когнитивтік тіл білімі.








