Түркі дүниесінде «Диуан лұғат ат-түрк» еңбегіндегі тұрақты сөз тіркестердің зерттелуі

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/EJPh2033202612

Аңдатпа

Махмұт Қашқаридің «Диуан лұғат ат-түрк» еңбегі – түркі тілдес халықтардың лексикалық байлығы мен мәдени мұрасын сақтаған құнды жәдігер. Өзінің түркі тайпаларын аралап жүріп жазған аталмыш кітабында сол тайпалардың өмір салты, тарихи оқиғалары, жалпы алғанда түркі халықтарының тілі мен мәдениеті туралы мәліметтер қамтылған. Араб тілінде жазылған Қашқари сөздігінде түркі сөздерінің арабша анықтамасы беріліп, сол кезеңдегі түркі тілдерінің дыбыстық айырмашылықтары да көрсетілген. Сонымен қатар мақал-мәтелдер, өлеңдер, нақыл сөздер және т.б. фольклорлық элементтердің жиынтығын бұл кітаптан табуға болады. Бұл бай фольклорлық материал жеке сөздердің мағынасын ашып, мысал келтіру үшін пайдаланылған. Сол иллюстрациялық материалдың маңызды бір бөлігі – адамдардың сан ғасырлық өмір тәжірибесінен туған тұрақты сөз тіркестері. «Диуан лұғат ат-түрк» еңбегінде олар «сав» терминімен тілге тиек етіледі. Халық даналығында ежелгі түркілердің ақыл-ойы, мәдениеті көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер мен идиомалық бірліктерді зерттеу арқылы түркі тілдес халықтардың этикалық, эстетикалық дүниетанымын зерделеуге болады. XI ғасырда жазылған бұл сөздіктің зерттелу тарихы XX ғасырдың басынан басталады. Сол кезден бастап әлем түркітанушылары бұл шығарманы түрлі салаларда зерттеген. Мақалада түркі дүниесі түркітанушыларының аталмыш сөздіктегі тұрақты сөз тіркестеріне (мақал-мәтелдер, фразеологизмдер) арнаған зерттеу жұмыстары қарастырылады. Атап айтқанда түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан түркітанушыларының 20-ғасырдың екінші жартысынан бастап монография, диссертация және мақала көлемінде жасаған салыстырмалы-тарихи және этнолингвистикалық талдаулары ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Зерттеу мақал-мәтелдер, фразеологизмдердің қазіргі түркі тілдерімен сабақтастығы мен мәдени жалғастығын анықтауға бағытталғандықтан түркі халықтарының ортақ тілдік-мәдени мұрасын зерттеу мәселелеріне үлес қосады. Сонымен қатар бұл зерттеулердің түркі әлемінің әртүрлі аймақтарында танылуы келешекте ұқсас зерттеулердің қайталанбауына септігін тигізеді.

Түйін сөздер: түркітану, М. Қашқари, «Диуан лұғат ат-түрк», тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер.

 

Автор өмірбаяндары

  • К. Сегизбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.

    Сегизбаева Карлыгаш Кадирбеккызы (корреспондент автор) PhD докторант, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан, Алматы қ., e-mail: segizbayeva_k@live.kaznu.kz)

     

  • К. Сұлтанбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.

    Сұлтанбек Кутлугжон Бахритдинұлы – PhD, аға оқытушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан, Алматы қ., e-mail: sultanbekovkutlug@gmail.com)

Жарияланды

2026-09-20