Қазақ фольклорын психоанализ бен Digital Humanities негізінде зерттеудің интеграциялық моделі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2033202617Аңдатпа
Мақала қазақ фольклорын зерттеуде қолданылатын психоанализ бен Digital Humanities әдістерінің интеграциялық үлгісін әзірлеуге арналған. Бұл үлгі мәтінді талдаудың цифрлық әдістерін, контекстік талдауды және психоаналитикалық интерпретацияны біріктіреді. Зерттеудің өзектілігі – цифрлық әдістерді пайдалана отырып, бірнеше шығарманы сандық, сапалық тұрғыда салыстыра талдаудың интеграциялық әдістемесін әзірлеу. Бұл ретте цифрлық әдістер қайталанатын элементтер мен құрылымдарды анықтау үшін қолданылса, психоаналитикалық әдіс символдарды, мотивтерді және кейіпкерлердің ішкі күйін интерпретациялауды көздейді. Интеграциялық модель аталған екі әдісті біріктіре отырып жүйелі әрі нәтижелі талдау әдісін ұсынады. Зерттеудің мақсатын жүзеге асыру үшін көлемді материалды цифрлық талдау, контекстік саралау, психоаналитикалық интерпретацияны дәйекті түрде қолдануға негізделген талдаудың интеграциялық үлгісін әзірлеу және апробациядан өткізу жоспарланды. Зерттеу материалы ретінде қазақ фольклорынан бес халық хикаясы алынып, эпизодтарға бөлу және көпдеңгейлі мағыналық кодификация жасау жүргізілді. Сонымен қатар мақалада мәтіннің жиілік талдауы, мағыналық категориялардың қатар кездесуін талдау, желілік талдау, шығармалардың мағыналық көрінісін салыстыру, психоаналитикалық талдау әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері цифрлық талдаудың тұрақты мағыналық құрылымдар мен олардың арасындағы байланыстарды анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Контекстік бірдей сюжеттік жағдайлар, мотив пен бейнелердің баяндау жайына байланысты әртүрлі қызмет атқара алатыны анықталды. Нәтижесінде цифрлық талдау қайталанатын мағыналық құрылымдарды анықтау үшін; контекстік саралау баяндау үдерісіндегі қызметін айқындау үшін; психоаналитикалық интерпретация контекстік саралау жүргізілген соң ғана қолданылатыны анықталды. Ұсынылған әдіс қазақ фольклорын зерттеудің әдіснамалық мүмкіндігін кеңейтеді.
Түйін сөздер: фольклор, психоанализ, цифрландыру, Digital Humanities, интеграциялық модель, семантикалық кодтау, контекстік талдау, желілік талдау.







