Посткеңестік мемлекеттердің тілдік отарсыздандыру тәжірибесін Қазақстанның тіл саясатына бейімдеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202604626Аңдатпа
Мақалада посткеңестік мемлекеттердің тілдік отарсыздандыру тәжірибесін Қазақстанның қазіргі тіл саясатына трансформациялаудың ғылыми-әдістемелік негіздері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі егемен елімізде мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлін күшейту және оның қолданыс аясын барлық стратегиялық салаларда кеңейту қажеттілігімен негізделеді. Жұмыстың мақсаты – ұқсас тарихи өткені бар Латвия, Украина, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің тілдік отарсыздану саласындағы сәтті институционалдық және заңнамалық қадамдарын салыстырмалы талдау арқылы отандық тіл саясатын жетілдіруге бағытталған тиімді ұсыныстар кешенін әзірлеу. Зерттеу барысында салыстырмалы-құқықтық талдау, институционалдық сараптама, кейс-стади және социолингвистикалық трансформациялық модельдеу әдістері қолданылды. Аталған әдістер әр елдің тіл саясатына тән ерекшеліктерді, реформалардың нәтижелілігіне ықпал еткен факторларды және оларды Қазақстан жағдайында бейімдеу мүмкіндіктерін кешенді бағалауға мүмкіндік берді.
Зерттеу нәтижесінде Қазақстан үшін «Мемлекеттік тіл жөніндегі агенттік» пен «Тілдік омбудсмен» институтының құрылымдық-функционалдық модельдері жасалып, өңірлердегі лингвистикалық ахуалды ескеретін аймақтық дифференциациялық басқару матрицасы құрылды. Сондай-ақ тілдік жоспарлаудың төрт деңгейі (мәртебелік, корпустық, өрістік, беделдік) қазақстандық контекстке бейімделіп, реформаларды іске асыру кезінде туындайтын әлеуметтік, кадрлық және технологиялық тәуекелдерді еңсеру жолдары талқыланды. Мақала қорытындысында авторлар сыртқы тәжірибелерді механикалық көшірмей, оларды елдің ішкі саяси тұрақтылығына сәйкес трансформациялау және мемлекеттік тілдің прагматикалық-экономикалық құндылығын арттыру қажеттілігін негіздейді.
Зерттеудің ғылыми құндылығы посткеңестік мемлекеттердің тілдік отарсыздандыру тәжірибесін жүйелеп, оны Қазақстанның тіл саясаты жағдайына бейімдеудің ғылыми-әдістемелік моделін ұсынуымен айқындалады. Ұсынылған тұжырымдар мен модельдер тіл саясатын жетілдіруге бағытталған нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуде, мемлекеттік басқару органдарының қызметінде және әлеуметтік лингвистика саласындағы кейінгі зерттеулерде практикалық тұрғыдан қолданылуы мүмкін.
Түйін сөздер: тіл саясаты, тілдік отарсыздандыру, посткеңестік кеңістік, тілдік жоспарлау, мемлекеттік тіл, тілдік омбудсмен, аймақтық дифференциация, тілдік жоспарлау моделі.







