Білімдіден шыққан сөз
Аңдатпа
Сөздің мағынасы мен мәні дискурста нақтыланып, лебіз құрамында ажарланып, негізгі мағыналық сипатына сай ерекше контекстік мән иеленіп, нақтыланып, ашыла түседі. Мақалада сөздің лебізде өзінің басты қасиетін танытып, күшіне енетіні, өз болмысын білдіріп, қоғамдық мәнге ие болатыны зерттеледі. Лебізде қолданысқа түсіп, Сөз мағыналық жағынан дамиды, мәні тереңдейді, бұрын таңбаланбаған жаңа ұғымдарға атау береді, сөйтіп тіл де дамиды. Мақалада Абай өлеңдерінің мазмұнына талдау жасалып, қолданыстағы сөз мәні анықталады. Түркі тілдерінің жалғамалылық табиғатына сай, түбір сөз өзгеріске аз ұшырағандықтан, өзге тілдермен салыстырғанда өзінің тұлғалық қалпы мен мағыналық құрылымын анағұрлым жақсы және анық сақтағаны талданып, кей сөздердің этимологиясы ғылыми тұрғыдан қарастырылады. Абай өлеңдері арқылы сөзбен, сөз тіркестерімен берілетін ой желісі талданып, сөз мағынасы арқылы оның тарихы, ал сөз арқылы ақынның немесе жеке адамның тұлғасын, ішкі жан дүниесі мен болмысын, жүрек сезімінің көрінісін тануға болатыны нақты деректермен талдауға түседі. Абай данышпанның елді, халықты өлтірмейтін, ауруын айтып, дертін танып, оның жазылар жолы мен амалын нақ басып, дәл тауып, халықтың, ұлттың нағыз дәруішіне, дәрігеріне айналғаны жазылады.








