Ташкент аймағындағы қазақ диалектісінің лексикалық ерекшеліктері және өзбек тілімен ықпалдасуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh201120264Аңдатпа
Мақалада Өзбекстан Республикасының Ташкент өңірі аумағында тұратын қазақтардың сөйлеу тіліндегі лексикалық ерекшеліктері мен тілдік қарым-қатынасы, әлеуметтік лингвистикалық өзгерістер тұрғысынан қарастырылады. Қазақ тілінің лексикалық қабаты диаспоралық ортада тарихи және әлеуметтік, мәдени факторлардың ықпалы арқылы қалыптасып, көршілес өзбек тілімен ықпалдасу нәтижесіндегі даму тетіктері сипатталады. Зерттеу барысында Ташкент өңіріне тән диалектік тұрмыстық, шаруашылық, қоғамдық, әкімшілік, қала мен ауыл мәдениетіне қатысты лексикалық бірліктер талданып, олардың шығу тектері, семантикалық өзгерістері мен қолдану тәртібі туралы сипатталады.
Мақаладағы тілдік материалдар Ташкент аумағында жиналған ауызекі сөйлеу үлгілеріне, сонымен қатар диалектологиялық деректерге және соңғы жылдардағы отандық, шетелдік ғылыми зерттеулерге сүйене отырып қарастырылды. Тілдік бірліктерді талдау барысында сипаттама, салыстырмалы-диалектологиялық, әлеуметтік лингвистикалық әдістер кеңінен қолданылды. Өзбек тілімен ықпалдасудың нәтижесінде қалыптасқан кірме сөздер, лексемалар, калькалар мен аралас қолданыстардың қазақ тілінің диалектологиялық жүйесіндегі орны туралы тұжырымдалды.
Зерттеудің нәтижелері Ташкент аумағындағы қазақ тілінің диалектологиялық жүйесі мен аймақтық тілдік құбылыс қана емес, этникалық болмысты сақтау, көптілді ортада тілдік бейімделудің маңызды көрсеткіші екенін айқындайды. Ташкент өңіріндегі қазақ тілінің диалектологиясы арқылы әлеуметтік өзгерістердегі тілдік таңдаулардың сөйлеу тәжірибесіне ықпалы айқын көрініс табады. Мақала Ташкент өңіріндегі диаспора ретінде қазақ тілінің диалектологиясын кешенді түрде зерттеуге үлес қосып, қазақ-өзбек тілдік байланысының лексикалық деңгейіндегі көріністерді жүйелеуді мақсат етеді.
Түйін сөздер: қазақ диалектологиясы, Ташкент қазақтары, қазақ-өзбек тілдік қатынасы, тілдік ықпалдасу, диалектік лексика, диаспора тілі.
