Постмодернистік дискурс контексіндегі симулякр эстетикасы: Есбол Нұрахмет прозасының көркемдік парадигмасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202304326Аңдатпа
Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы постмодернистік көркемдік ізденістер Есбол Нұрахметтің «Тарақандар» және «Журналист, молда, киллер және жезөкше» әңгімелеріндегі симулякр эстетикасы негізінде талданады. Зерттеудің өзектілігі көркем мәтіндегі шындық пен оның бейнесі, әлеуметтік рөл мен тұлғалық болмыс, құндылық пен оның сыртқы белгісі арасындағы қайшылықтарды түсіндіру қажеттілігімен байланысты. Зерттеудің мақсаты – аталған екі әңгімеде симулякрлық бейнелеу тәсілдерінің қалай ұйымдастырылатынын анықтап, олардың әлеуметтік сын мен кейіпкер болмысын ашудағы қызметін салыстыра сипаттау. Теориялық негіз ретінде Ж. Бодрийярдың симулякр мен гипершындық туралы тұжырымдары, Ж. Делездің айырмашылыққа негізделген пайымдары, Ф. Джеймисонның пастиш концепциясы және постмодернистік поэтика мәселелері пайдаланылды. Материалды зерделеуде герменевтикалық, құрылымдық-семиотикалық, салыстырмалы-типологиялық және контекстік талдау әдістері қолданылды. Талдау нысандары ретінде көркем кеңістік, билік бейнесі, кейіпкерлердің өзін таныту амалдары, заттық детальдар, ақша мотиві, сондай-ақ діни және моральдық құндылықтар туралы ишаралар алынды. «Тарақандар» әңгімесінде жатақхана кеңістігінің тұйық жүйе ретінде берілуі, «Хозяйка» бейнесінің билік белгілерін қайталауы, көршілер сөзіндегі әлеуметтік мәртебе маскалары және тарақандардың қайталанатын тұрмыстық деталь ретіндегі қызметі анықталды. «Журналист, молда, киллер және жезөкше» әңгімесінде төрт әлеуметтік рөлдің өзара қарама-қайшы әрекеттер арқылы ашылуы, ақшаға тәуелді қатынастар мен өлім мотивінің мағыналық қызметі талданды. Екі туындыны салыстыру симулякрлық сипаттағы бейнелердің бірінде кеңістік пен күнделікті коммуникация арқылы, екіншісінде кейіпкерлер тағдырларының түйісуі мен құндылықтар қайшылығы арқылы көрінетінін көрсетті. Зерттеудің ғылыми нәтижесі – осы көркемдік механизмдерді өзара байланыстыра сипаттау және олардың постмодернистік поэтикамен сабақтас әлеуметтік-сыни қызметін нақтылау. Тұжырымдар қазіргі қазақ әңгімесінің поэтикасын, әдеби семиотика мен тұлғаны бейнелеу тәсілдерін зерттеуде пайдаланылуы мүмкін.
Түйін сөздер: постмодернизм, постмодернистік дискурс, симулякр, симулякр эстетикасы, гипершындық, әлеуметтік рөл, көркем кеңістік, қазіргі қазақ прозасы.







