Б. Қайырбековтің «Навстречу солнцу» поэтикалық жинағындағы этномәдени лексиканың қызмет ету ерекшелігі
DOI:
https://doi.org/10.26577/Аңдатпа
Мақалада билингв қаламгердің көркем дискурсындағы этномәдени лексиканың қолданылу ерекшеліктері Б. Қайырбековтің «Навстречу солнцу» поэтикалық жинағы негізінде қарастырылады. Зерттеуде орыс тілінде әртүрлі дәрежеде игерілген этномаркерленген лексикалық бірліктерге және олардың қазақтың ұлттық-мәдени мазмұнын көркемдік тұрғыдан жеткізудегі қызметіне ерекше назар аударылады. Зерттеудің өзектілігі Қазақстанның орыстілді әдебиетін тілдер, мәдениеттер және ұлттық дүниетаным жүйелері тоғысатын транскультуралық құбылыс ретінде филологиялық тұрғыдан зерделеу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – жинақтағы этномаркерленген лексиканы жүйелеу және оның автордың жеке көркемдік дүниетанымын қалыптастырудағы функционалдық-семантикалық қызметін анықтау. Жұмыста лексикалық іріктеу, лексика-семантикалық жіктеу, контекстік және лингвомәдениеттанымдық талдау әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижесінде этномәдени лексика бес негізгі тақырыптық топқа жүйеленді: мемориалдық-архитектуралық лексика, ландшафтық-географиялық маркерлер, этнографизмдер, зоонимдер мен орнитонимдер, теонимдік және рухани мазмұндағы лексика. Аталған бірліктердің мәдени бірегейлікті таныту, тарихи жадты жаңғырту, көркем кеңістікті айқындау, сакральды-символдық мазмұн қалыптастыру және мәтіннің мағыналық құрылымын ұйымдастыру қызметтері анықталды. Жекелеген лексемалардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің сақталуына, тарихи жадтың көркемдік тұрғыдан өзектенуіне және қазақ мәдениетіне тән бейнелердің орыстілді поэтикалық құрылыммен өзара әрекеттесуіне басымдық берілді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы аталған лексикалық топтардың функционалдық-семантикалық байланыстарын кешенді талдау және олардың Б. Қайырбековтің көркемдік кеңістігі мен идиостилін қалыптастырудағы қызметін айқындаумен сипатталады. Зерттеу нәтижелері этномаркерленген лексиканың ұлттық реалияларды атау құралы ғана емес, транскультуралық көркем мәтіндегі мәдени мағыналардың өзара байланысын қамтамасыз ететін образдық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі екенін көрсетеді. Жұмыстың практикалық маңызы зерттеу нәтижелерін «Билингвизм теориясы», «Мәтінді филологиялық талдау», «Әдеби өлкетану» пәндерін оқытуда, сондай-ақ транслингвалды әдебиет пен лингвомәдениеттану бағытындағы зерттеулерде қолдану мүмкіндігімен анықталады.
Түйін сөздер: түркизмдер, идиостиль, Б. Қайырбеков, транскультуралық мәтін, этномәдени маркерлер, ұлттық код.







