Қазақ есімдері құрамындағы «бай» сөзі мағынасының тарихи-мәдени контекстегі өзгеруі және қолданылу ерекшеліктері
DOI:
10.26577/EJPh2022202611Аңдатпа
Мақалада алдымен «бай» сөзінің түп-төркіні, түрік тілдеріндегі мағынасы, қолданысы салыстырыла көрсетіледі. Ерте заманнан бері «бай» сөзі қазақтың ер адамдар есімін жасауға тұрақты түрде қатысып, антропоним түзудің ұлттық үлгісіне айналғанын дәлелдейтін деректер келтіріледі. Қазақ тіліндегі «бай» сөзі антропонимнің бірінші сыңары ретінде (Байжігіт, Байжан, Баймырза) сөз басында немесе екінші сыңар ретінде (Серікбай, Берікбай, Бурабай) кісі есімінің аяғында тұратын екі үлгісі бар екендігі нақты мысалдармен дәлелденеді. «Бай» сөзі кісі есімінің соңында тұратын екінші үлгімен жасалған есімдердің кең тарағандығы, саны жағынан бірнеше есе көп екендігі айқындалады. Одан кейін автор есімі құрамындағы «бай» сөзі мағынасының тарихи-мәдени контекстегі өзгеру, қолданылу ерекшеліктерін қарастыруға көшеді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап «бай» сөзінің жағымсыз мағына иеленуіне совет идеологиясы мен әдебиеті ықпал етті деген тұжырым жасай отырып, көрнекті қазақ жазушылары еңбектерінен оған дәлел болатын мысалдар беріледі. Екінші сыңары «бай» сөзінен тұратын жағымсыз кейіпкерлер аттарының үлгісімен сөз туғызу дәстүрінің қазір де жалғасып отырғанын көптеген тілдік деректерге сүйене отырып дәлелдеп, оның туындау себептерін, оған түрткі болған әлеуметтік, психологиялық, әдеби, тілдік факторларды атап көрсетеді. Мұндай құбылыстың салдары мен ұлттың әлеуметтік-мәдени өміріндегі рөліне тоқтала келіп, талданған тілдік материалдар негізінде қорытынды жасалады.
Түйін сөздер: қазақ есімдері, лексика, семантика, жағымсыз мағына, бай, қазақбай.








