«Әдебиет танытқыш» пен «Сөз өнеріндегі» әдеби таным үндестігі
Аңдатпа
Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет зерттеушiсi, әдебиеттанушы ғалым, қазақ әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясының негізін салушы ретіндегі көшбасшылық қызметі, қазақ әдебиеттануындағы әдебиет теориясын ғылыми тұрғыдан қалыптастырған академик Зейнолла Қабдолов еңбегімен салыстырмалы түрде қарастырылады. А. Байтұрсынұлының жарық көргеніне 90 жыл толған «Әдебиет танытқыш» еңбегі мен З. Қабдоловтың бұл еңбектен 50 жыл кейін басылып шыққан «Сөз өнері» еңбегін салыстырмалы түрде қарастыру арқылы аталмыш зерттеулердің өз уақытындағы жаңашыл ғылыми мән-мағынасы нақтыланады. Қос еңбектегі дәстүр жалғастығы мен жаңашылдық сипат ашылады. Мақала авторының А. Байтұрсынұлы еңбегiнде көрініс тапқан теориялық мәселелердің З. Қабдолов еңбегінде түбегейлі қаралып, қазақ әдебиетінің төл ерекшелігіне қатысты теориялық қағидаға айналуының маңызын байыптауы – іргелі ізденіс белгісі.








