Түпнұсқалық материалдарды пайдалана отырып, студенттердің тыңдап түсіну іскерліктерін дамыту
Аңдатпа
Бұл мақалада студенттерге шетел тілін үйретуде түпнұсқалық материалдарды дұрыс пайдалана отырып,олардың тыңдап түсіну іскерліктерін дамыту жолдары қарастырылады. Тыңдап түсіну – сөз әрекетінің бір түрі бола отырып, шетел тілін оқытуда және оны меңгеруде маңызды орын алады. Тыңдап түсіну әрекетін дұрыс меңгеру – шетел тіліне оқытудың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Сөз әрекетінің бұл түрін меңгеруде түпнұсқалық материалдарды дұрыс қолдана білу де маңызды. Тыңдап түсіну іскерліктерін дамыту когнитивті және аффективті аспектілерді қалыптастыру үшін де маңызды. Тыңдап түсіну іскерліктерінің дұрыс қалыптасуы студенттердің сыртқы ортамен тиімді қарым-қатынас жасауына септігін тигізеді. Шетел тілін үйреніп жатқан студенттер осы іскерліктер мен дағдыларды дұрыс пайдалану арқылы көп нәрсе үйренеді. Түпнұсқалық материалдар және мәтіндер студенттердің тыңдап түсіну іскерліктерін жоғары деңгейде қалыптастыруға, білім мен тәжірибе жинауға көмегін тигізеді. Студенттер тыңдап түсіну жаттығуларын жасауда түпнұсқалық материалдардан керекті ақпараттарды немесе негізгі ойды нақты анықтай алатын болады. Сонымен қатар, бұл мақалада түпнұсқалық материалдардың және мәтіндердің дұрыс таңдалып алынып, қолданылуы, олардың студенттердің тыңдап түсіну іскерліктерін дамытуда және шетел тілін меңгеруге деген қызығушылықтарын арттыруда алатын негізгі ролі де қарастырылады.








