Поэзиядағы эмоционалды тон мен дыбыс символизмі: фоносемантикалық эксперименттік талдау
DOI:
10.26577/EJPh2022202614Аңдатпа
Бұл мақалада эксперименттік мәліметтер негізінде қазақ поэзиясындағы эмоционалды тон мен дыбыстық символизмнің байланысы қарастырылған. Фоносемантика теориясына негізделген зерттеу дыбыстың тек форма ғана емес, сонымен қатар бейсаналық деңгейде эмоционалды және бағалау мағынасын тудыратын танымдық құрал екенін көрсетуге бағытталған. Эксперимент Ч. Осгудтың семантикалық дифференциалдық әдісі бойынша ұйымдастырылды. Google Forms платформасы арқылы жүргізілген сауалнамаға үш жас тобынан тұратын 100 респондент қатысып, қазақ поэзиясының классикалық үлгілерінен алынған 12 өлеңнің эмоционалды тонын үш биполярлық шкала бойынша бағалады. Жиналған деректер Jamovi бағдарламасында өңделіп, сипаттамалық статистика мен ассоциациялық салыстырулар арқылы талданды. Нәтижелер жуан және жіңішке дауысты дыбыстардың эмоционалды бағалау категорияларымен жүйелі түрде байланысатынын көрсетті. Атап айтқанда, жуан, тіл арты дауыстылар басым мәтіндер «күшті», «ауыр», «қараңғы» ретінде қабылданса, жіңішке, тіл алды дауыстылар жиі қолданылған шумақтар «жарық», «жеңіл», «жұмсақ» және «әлсіз» деп бағаланды. Бұл заңдылық барлық жас топтарында сақталып, дыбыс символизмінің әмбебап сипатын айқындайды. Алынған деректер поэзиядағы эмоционалды тон тек мазмұнмен ғана емес, дыбыстық құрылым арқылы да қалыптасатынын дәлелдейді және қазақ поэтикасын фоносемантикалық тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: дыбыс символизмі, фоносемантика, эмоционалды тон, поэзия, семантикалық дифференциал.








