Ұлттық тілдік корпустар архитектурасының типологиялық детерминациясы: салыстырмалы талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202220262Аңдатпа
Мақалада ұлттық тілдік корпустар заманауи корпус лингвистикасы мен цифрлық гуманитарлық ғылымдардың стратегиялық ресурстары ретінде қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі тілдің құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып корпус ресурстарын жобалауда типологиялық бағытталған талдау жүргізу қажеттілігімен айқындалады. Жұмыстың мақсаты – тілдің типологиялық құрылымының корпус архитектурасы мен лингвистикалық аннотация деңгейлеріне ықпалын анықтау тұрғысынан Қазақ ұлттық корпусы, Орыс тілінің ұлттық корпусы және Түрік ұлттық корпусының салыстырмалы талдауын жүргізу. Зерттеудің әдіснамалық негізін сипаттамалық және салыстырмалы әдістер, сапалық корпус талдауының элементтері, сондай-ақ көлемі, жанрлық құрамы және морфологиялық, морфосинтаксистік, семантикалық таңбалау деңгейлерін параметрлік салыстыру құрайды. Зерттеу нәтижесінде агглютинативті тілдер корпустары үшін аффикстердің дұрыс сегментациясын және лемматизацияны қамтамасыз ететін егжей-тегжейлі морфологиялық аннотацияның басым мәнге ие екендігі, ал флективті орыс тілі үшін көпдеңгейлі морфосинтаксистік және семантикалық сипаттаудың шешуші рөл атқаратыны анықталды. Ұлттық корпус архитектурасының тілдің типологиялық сипаттамаларына тәуелділігі айқындалды. Зерттеудің ғылыми құндылығы ұлттық корпустарды салыстырудың типологиялық бағытталған моделін қалыптастырумен сипатталады. Алынған нәтижелердің практикалық маңызы оларды Қазақ ұлттық корпусын одан әрі дамытуда, сондай-ақ білім беру және табиғи тілді автоматты өңдеу салаларындағы қолданбалы міндеттерді шешуде пайдалануға болатындығында көрінеді.
Түйін сөздер: корпус лингвистикасы; ұлттық тілдік корпус; тіл типологиясы; морфологиялық аннотация; корпус архитектурасы.







