Қазақ халқының батырлық эпосындағы кейіпкерлер жүйесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2022202619Аңдатпа
Қаһармандық жырлар – қазақ эпосының мазмұндық тереңдігімен, көркемдік жүйесінің күрделілігімен және идеялық ауқымымен ерекшеленетін іргелі жанрларының бірі. Эпос – халықтың тарихи жадын, рухани дүниетанымын, эстетикалық талғамын және елдік мұратын танытатын мәдени мұра. Қазақ қаһармандық эпосының өн бойында елдік сана, отансүйгіштік, бірлік, әділдік, ерлік, елді сыртқы жаудан қорғау, халық мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қою идеялары кең көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, батырлар жырындағы кейіпкерлер жүйесін типологиялық аспектіде зерттеу эпостың табиғатын, жанрлық ерекшеліктері мен тарихи-әлеуметтік қызметін тереңірек түсінуге жол ашады. Зерттеу нысаны ретінде қазақ қаһармандық эпосындағы кейіпкерлер жүйесі алынды. Мақалада кейіпкерлер жүйесінің типологиялық сипаты «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Едіге батыр» жырлары негізінде талданады. Зерттеу барысында батырлар бейнесінің көркемдік сипаты, олардың тұлғалық ерекшеліктері, ерлік ұстанымы, сондай-ақ ру-тайпалық және жалпыхалықтық деңгейдегі қызметі салыстырмалы талдау арқылы қарастырылады.
Талдау барысында эпостардағы батырлардың негізінен ру намысын қорғаушы, қауым мүддесін сақтаушы тұлға ретінде көрінетіні, ал ноғайлы циклындағы жырларда олардың қызметі кеңейіп, елдік, мемлекеттік мүддемен сабақтасатыны айқындалады. Осыған сәйкес кейіпкерлер жүйесі де тарихи жағдайға байланысты күрделене түседі. Зерттеу нәтижесінде қазақ эпосындағы кейіпкерлер жүйесінің эволюциялық сипаты анықталып, батыр тұлғасы ру-тайпалық кеңістіктен жалпыхалықтық, мемлекеттік деңгейдегі тарихи тұлғаға дейін дамиды.
Түйін сөздер: фольклор, қазақ эпосы, типология, кейіпкерлер жүйесі, батырлық тұлға.







