Поэтикалық танымдағы дүние бейнесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2033202614Аңдатпа
Мақалада дүние бейнесі ұғымы жан-жақты қарастырылып, танымдық, әлеуметтік және поэтикалық аспектіде талданады. Зерттеу барысында Э. Гуссерль, А. Белый, К. Ясперс, М. Хайдеггер, М. Бахтин, Б. Мейлах, Г. Гачев, Б. Нұрдәулетова және басқа да белгілі ғалымдардың ғылыми еңбектері теориялық-әдіснамалық негіз ретінде пайдаланылды. Бүгінгі күнге дейін дүние бейнесі ұғымы аясында бірқатар қазақ және шетел ғалымы зерттеу жүргізді. Ойшылдардың ғылыми еңбектерінде ұсынылған болжамдарға сүйенсек, дүние бейнесі – тұтас әлемді, жалпы жаратылысты қамтитын кең ауқымды түсінік, мән-мағынасы терең ұғым. Поэтикалық таным – бұл дүниені, өмірді, адам сезімдері мен құбылыстарды поэзия, көркем бейнелер мен образдар арқылы тану тәсілі. Адамның дүниені тануға деген ұмтылысы оның ішкі рухани әлемінде сан алуан сұлбалардың қалыптасуына алып келеді. Сана қабаттарында жинақталған кескіндер адамның жеке тәжірибесімен, тарихи жадпен және мәдени кодтармен сабақтасып жатады. Дүние бейнесінің түрлі салада кеңінен қолданылатын ғылыми термин екені айқындалған. Бұл ұғым мәдениеттану, биология, социология, психология, филология, бейнелеу өнері, онтология, сондай-ақ лингвистикада жиі кездеседі. Лингвистикада ұлттық дүниетанымның тілдегі көрінісі зерттеледі. Ал әдебиеттануда дүние бейнесі көркем мәтіннің мазмұндық-идеялық жүйесін айқындайтын басты компоненттердің бірі ретінде қарастырылады.
Түйін сөздер: дүние бейнесі, поэтикалық таным, көркем мәтін, ұлттық дүниетаным, мәдени код, поэтика, таным.







