Модельдеу – көркем прозаны лингвостилистикалық талдаудың тиімді әдісі (қазақ тіліндегі қазіргі заманғы әңгімелер негізінде)
DOI:
10.26577/EJPh202220261Аңдатпа
Көркем шығарма тілін лингвостилистикалық тұрғыдан талдау – тіл біліміндегі ең күрделі ғылыми мәселелердің бірі. Әлемдік лингвистикада көркем мәтіннің идеялық-тақырыптық мазмұнына сай ұйымдастырылған тілдік бірліктерді зерттеуде екі әдіс белгілі: имманентті әдіс және проекциялау әдісі. Сонымен қатар, ХХІ ғасырда зерттеушілер лингвостилистика әдіснамасын жетілдірудің инновациялық тәсілдерінің бірі ретінде модельдеу әдісін қарастыра бастады.
Зерттеудің мақсаты – соңғы онжылдықтарда жарық көрген, жасы 22-35 аралығындағы жас қазақ жазушыларының әңгімелер жинақтарында экспрессивтік әсер тудыру мақсатында қолданылған дауыс үндестігін лингвостилистикалық талдауда модельдеу әдісін ұсыну. Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы, ең алдымен, қазақ әңгімелерінің осы корпусының бұған дейін лингвистикалық тұрғыдан зерттелмегендігінде.
Зерттеуде ұлттық таным негізінде қалыптасып, тіл қолданушылардың тілдік санасында берік орныққан көркем тілдің ұлттық нормаларының бірі – дауыс үндестігі арқылы жасалған негізгі экспрессивтік тәсілдерді сипаттау және интерпретациялау арқылы модельдеу тәсілі қолданылады, бұл қазіргі заманғы әңгіме жинақтарында көрініс табады. Зерттеу нәтижелері жаһанданған дәуірде қазақ тілінің тіршілік қабілеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оның толық тілдік мүмкіндіктерін пайдаланатын үдерістерге тән сипаттарды анықтауға; қазіргі жас жазушылардың тіл қолданысындағы ұлттық тілдік әлеуеттің сабақтастығын ашуға; қазіргі қазақ тілі динамикасына тән үрдістерді белгілеуге; сондай-ақ бұған дейін жеткілікті зерттелмеген қазақ лингвостилистикасы саласын теориялық және практикалық тұрғыдан тереңдетуге, оның әдіснамалық негіздерін жетілдіруге ықпал етеді.
Түйін сөздер: лингвостилистикалық талдау, қазіргі қазақ әңгімелері, әдіс түрлері, модельдеу, көркем тілдің ұлттық нормалары, дауыс үндестігі.








