Қазақ тіліндегі мамандықтар мен лауазым атауларының гендерлік ерекшеліктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2033202613Аңдатпа
Мақалада қазақ тіліндегі кәсіп пен лауазым атаулары негізінде гендер мен кәсіби қызметтің өзара байланысы және аталған лексикалық бірліктердегі андроцентризм белгілері қарастырылады. Ауыр өнеркәсіп, әскери іс және ауыл шаруашылығы сияқты салалардың дәстүрлі түрде ер адамдардың қызметімен байланыстырылуы кәсіп атауларының тілдік қолданысына да әсер етеді. Зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі кәсіп пен лауазым атауларынан андроцентризм белгілерін анықтау, оларды лексика-семантикалық тұрғыдан жіктеу және гендерлік ерекшеліктерін басқа тілдермен салыстыра сипаттау.
Зерттеу материалы ретінде «Қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі» кәсіп пен лауазым атаулары алынып, сандық, сапалық, салыстырмалы және семантикалық талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде қазақ тіліндегі кейбір атаулардан андроцентризм белгілері байқалғанымен, олардың гендерлік жіктелуі басқа тілдермен салыстырғанда әлсіз екені анықталды. Ағылшын және орыс тілдерінде кейбір кәсіп атауларынан арнайы жұрнақтар арқылы әйелдерге қатысты атаулар жасалса, қазақ тілінде кәсіп пен лауазым атаулары негізінен гендерлік бейтарап сипатқа ие. Мәселен, «аға» сөзі ер адамды білдіргенімен, «аға оқытушы» атауы әйелдер мен ерлерге ортақ қолданылады.
Зерттеу нәтижелері қазақ тіліндегі кәсіп атауларының басым бөлігі гендерлік бейтарап болғанымен, олардың кейбір лексикалық компоненттерінде андроцентрлік дүниетаным іздері сақталғанын көрсетеді. Алынған тұжырымдарды гендерлік лингвистика, лексикология, социолингвистика және салыстырмалы тіл білімі салаларында пайдалануға болады.
Түйін сөздер: гендерлік лингвистика, андроцентризм, мамандық атаулары, лауазым атаулары, маскулинділік, қазақ тілі.







