А. Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдарын қазіргі оқыту үдерісінде қолдану

Авторлар

DOI:

10.26577/EJPh2022202621

Аңдатпа

      

Мақалада А. Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдарын қазіргі оқыту үдерісінде қолдану мәселесі қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – ғалым еңбектерінде ұсынылған оқыту әдістерінің өміршеңдігін қазіргі білім беру талаптарымен сабақтастыра көрсету және олардың оқушылардың оқу-танымдық дағдыларын қалыптастырудағы тиімділігін айқындау. Осы мақсатқа сәйкес мақалада А. Байтұрсынұлы негіздеген «жеңілден ауырға», «оңайдан қиынға», «жайдан күрделіге» қағидаттары, дыбысты әдіс, жалқылау-жалпылау тәсілдері, жаттығу, көрнекілік және мысал арқылы түсіндіру ұстанымдары қазіргі қазақ тілін оқыту тәжірибесімен байланыстырылады. Практикалық үлгі ретінде 6-сынып қазақ тілі пәніндегі «Көнерген сөздер» тақырыбы алынып, тарихи қару-жарақ атауларын меңгертуде подкаст тыңдату, түсіндірме сөздікпен жұмыс жүргізу, кесте және сызба түріндегі көрнекілік құралдарын пайдалану жолдары ұсынылады. Зерттеу барысында оқушының сөз мағынасын түсінуі, тарихи-мәдени ақпаратты қабылдауы, зат пен әрекет арасындағы мағыналық байланысты тануы, лексикалық қорын кеңейтуі және алған білімін практикалық жағдаятта қолдануы маңызды әдістемелік нәтиже ретінде сипатталады. Сонымен қатар мақалада Байтұрсынұлы әдістемесінің қазіргі функционалдық сауаттылық, тыңдалым, жазылым, тілдік талдау және оқу-танымдық әрекет талаптарымен үйлесетіні негізделеді. Зерттеу нәтижелері ғалымның әдістемелік мұрасын қазіргі қазақ тілін оқытуда тиімді бейімдеп қолдануға болатынын көрсетеді. Бұл тұрғыда Байтұрсынұлы ұсынған әдістер оқушының тілдік материалды механикалық түрде жаттауына емес, оны мағыналық, танымдық және практикалық тұрғыдан саналы меңгеруіне бағытталатынымен құнды.

Түйін сөздер: көнерген сөздер, подкаст, танымдық оқыту, ұстанымдар, индукция, дедукция.

Автор өмірбаяны

  • Ш. Ерхожина, SDU University, Қазақстан, Қаскелең қ.

    Ерхожина Шаттыгүл Лесбековна – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, SDU University (Қазақстан, Қаскелең қ., e-mail: shattygul.yerkhozhina@sdu.edu.kz)

Жарияланды

2026-07-01

Журналдың саны

Бөлім

Тіл мен әдебиетті оқытудың әдістемесі