«Орта Азиялық тәпсір» жазба ескерткішінің лексикалық сипаты
DOI:
10.26577/EJPh202220265Аңдатпа
Орта түркі дәуірінде саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени жағдаяттардың нәтижесінде түркі тілдері жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, ұлттық сипатта даралану үдерісі басталды. Осы дәуірде дүниеге келген жазба ескерткіштердің бүгінгі қазақ тілі тарихы үшін маңызы зор және оларды тілдік тұрғыдан зерттеу де өзекті мәселе.
Зерттеу еңбектің мақсаты осы дәуірде жазылған «Орта Азиялық тәпсір» жазба ескерткішінің тілдік ерекшелігін саралау. Жазба мұра Құран кәрімнің орта ғасырлық түркі тіліне алғашқы аудармаларының бірі болып саналады. Оның тілдік ерекшелігі туралы түркітану ғылымында әлі күнге нақты тұжырым айтылмауы, тақырыптың көкейкестілігін көрсетеді. Жазба ескерткіштің тілі зерделеудің практикалық маңызы да зор. Қағазға түскен тілдік деректер қазақ тілінің жалпытүркілік, қыпшақтық қабаттарынан мол ақпарат береді.
Зерттеу барысында тәпсірдің лексикалық қоры қазіргі қазақ тілімен тарихи-салыстырмалы әдіспен салыстырыла талданып, диахронды-синхронды әдістер, баяндау, талдау тәсілдері де кеңінен қолданылды. Қазақ тіліндегі баламаларымен тұлғасы да, мағынасы да ортақ сөздер өте көп екені анықталды. Олар бірнеше сөз табына, атап айтсақ зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктер, үстеулер, етістіктер, көмекші есімдер деп жіктеліп, сарапталды. Мұндай екі дәуір тіліне ортақ лексикалық параллельдер қазақ тілінің тарихи лексикологиясының дерек көзі десе болады. Жазба ескерткіштің тіліне қазіргі қазақ тілі тұрғысынан қарағанда айқын байқалатын түбір-негіздер бүгінгі тілдің көне дәуірдегі ізі, тамыры. Сонымен қатар мұндай тілдік бірліктер қазіргі қазақ тілін орта ғасырлық түркі-қыпшақ, қала берді көне түркі тілімен байланыстырып тұрған құнарлы өзек.
Зерттеудің құндылығы – «Орта Азиялық тәпсір» қолжазбасының тілі қыпшақ-оғыз аралас тілде жазылған, бүгінгі қазақ тілінің тарихы үшін аса қажетті дереккөз бола алатын жазба жәдігерлік деп тұжырымды ғылыми ортаға ұсынуы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін көне қыпшақ тілі, көне қазақ тілі, түркі тілдерінің салыстырмалы лексикологиясы сияқты ғылыми курстарда қолдануға болады.
Түйін сөздер: орта түркі дәуірі, тәпсір, лексика, түбір-негіздер, қыпшақ-оғыз тілі.








