Руханият пен өркениет тоғысында тілді оқыту: білім мен тәрбие синергиясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2022202623Аңдатпа
Мақалада ұлттық құндылықтарға негізделген білім мен тәрбиенің ықпалы танымдық, мәдени және адами капиталды қалыптастыратын синергиялық жүйе ретінде қарастырылады. Бұл жүйеде тіл оқыту үдерісі тек пәндік білімді меңгертудің құралы ретінде емес, оқушының дүниетанымын кеңейтетін, ұлттық болмысын танытатын және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыратын рухани-мәдени кеңістік ретінде сипатталады. Зерттеудің мақсаты – дара тұлға бойында адами капитал қалыптастыруға негіз болатын білім мен тәрбиенің маңызын айқындау. Осы мақсатқа сәйкес мақалада тілдік білім беру мазмұнының құндылықтық әлеуеті, білім алушының тұлғалық дамуына ықпалы және оқу үдерісіндегі тәрбиелік мазмұнның коммуникативтік әрекетпен байланысы талданады. Жұмыстың әдіснамалық негізін коммуникативтік көзқарастар, құндылыққа бағытталған білім беру тұжырымдамалары, оқу мазмұнының ғылыми-практикалық қағидалары қамтиды. Бұл әдіснамалық бағдар тілді оқытуды білім, тәрбие, мәдениет және әлеуметтік тәжірибе тоғысындағы кешенді педагогикалық үдеріс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Талдау мазмұн (ұлттық дүниетаным мен құндылық өзегі), тілдік өріс (құндылықтың мағыналық кеңістігі) және әлеуметтік әрекет (білімнің өмірдегі іс-тәжірибесі) тәрізді бағыттарды қамтиды. Осы үш бағыт өзара байланыста қарастырылып, оқушының алған білімін тілдік қарым-қатынаста, пікір білдіруде, дәлелді ой айтуда және қоғамдық мәні бар әрекеттерде қолдану мүмкіндігімен сабақтастырылады. Нәтиженің бағыттары пәндік білімді құндылық мазмұнымен ұштастырып, оқушының ойы, сөзі және ісі арасындағы үйлесімді күшейтеді; бағалау өлшемдері этика, адресат, дәйектеме сапасы, қарсы уәж, сөз әдебі, қоғамдық-әлеуметтік ықпал сияқты индикаторлардан тұрады. Бұл индикаторлар білім алушының тек тілдік сауаттылығын ғана емес, оның жауапкершілікпен сөйлеуін, пікірталас мәдениетін, әлеуметтік ортада орынды әрекет етуін және ұлттық құндылықтарды саналы қабылдау деңгейін бағалауға негіз болады. Мақаланың ғылыми жаңалығы – педагогикалық модель құндылық – тіл – әрекет бірлігін қалыптастыратын әдіснамалық құрылым ретінде ұсынылады. Зерттеудің практикалық маңызы – әрекетке негізделген коммуникативтік актілер құндылық нәтижелерімен ұштаса келіп, қоғамдық мәні бар өнімдерді жүзеге асырады.
Түйін сөздер: тұлға, білім, тәрбие, рухани құндылық, мәдени сабақтастық, тіл, қарым-қатынас, синергия.







