Қазақ және түрік тілдеріндегі «алтын», «күміс» сөздеріне қатысты фразеологизмдердің этнографиялық сипаты
DOI:
10.26577/EJPh2022202613Аңдатпа
Мақалада «алтын», «күміс» ұғымдарымен байланысты тұрақты тіркестердің қазақ және түрік тілдеріндегі этнографиялық сипаты сараланады. Тіл – қоғамның сезімдік ерекшеліктері мен ой-тұжырымдарын сипаттайтын әмбебап код жүйесі. Сол себепті тіл қоғамның ойлау жүйесін ұғынуда басты рөл атқарады. Соңғы жылдары ғылыми зерттеушілердің тілдің мәдени аспектісін зерттеуге деген қызығушылығы артып келеді. Соның нәтижесінде қазіргі лингвистикада мәдениеттану әдістері аясында ауызша мәдени бірліктер арқылы әлемді әртүрлі мәдениеттерде қабылдау және түсіндіру тәсілдерінің көрінісі қарқынды зерттеле бастады. Түрік және қазақ тілдеріндегі халықтық ойлауды айқын көрсететін мәдени таңбалардың бірі – «алтын» және «күміс» сөздері. Себебі олар көптеген қоғамдардағыдай Түркия мен Қазақстан тарихындағы билік, үстемдік, өркендеу мен байлық сияқты ұғымдардың репрезентативті көрінісі ретінде адамның болашағы мен өмірі туралы түсінік береді. «Алтын» туралы халықтық түсініктердің іздерін түрік және қазақ мәдениеттерінен, әсіресе стереотиптік тілдік бірліктерден табуға болады. «Алтын» мәдени нышан ретінде «құндылығы жоғары субстанция» деген негізгі мағынасынан бөлек, бейнелі мағыналармен ұштасқан тілдік тіркестерде бірқатар айрықша мәндер мен ерекшеліктерге ие болатыны байқалады. Сондықтан бұл зерттеуде түрік және қазақ халықтарының «алтын», «күміс» туралы ойлау әлемін құрайтын түсініктер мен пайымдауларды анықтау және сипаттау мақсатында түрік және қазақ тілдерінде қолданылатын «алтын», «күміс» сөздері қатысқан тұрақты тіркестер, идиомалар мен мақал-мәтелдер салыстырмалы түрде семиотикалық және лингвомәдени әдістер арқылы зерттелді. Зерттеу нәтижесінде екі тілде де ортақ және өзіндік ерекшелігі бар ұғым-түсініктердің кездесетіні анықталды.
Түйін сөздер: фразеологизм, алтын, күміс, этнографиялық тұрақты тіркестер, ұлттық әшекей бұйымдар.








