Мағжан Жұмабаевтың «Ақсақ Темір сөзі» өлеңінің лингвопоэтикасы және оның орыс, ағылшын тілдеріне аударылуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025197120Аннотация
Мақалада Мағжан Жұмабаевтың белгілі «Ақсақ Темір сөзі» өлеңінің лингвопоэтикасы (текстуалды және экстра текстуалды) және оның орыс, ағылшын тілдеріне аударылу ерекшеліктері қарастырылады. Автор қолданған әрбір сөз бен сөз саны санаулы, әрбір лингвистикалық және экстралингвистикалық элементтің атқарып тұрған қызметі, өзіндік орны, эксплицитті және имплицитті мазмұны бар болатын поэтикалық аударма – көркем аударманың асқар шыңы. Сондықтан поэзия аудармасына әрбір аудармашының батылы жете бермейді. Әсіресе Мағжан Жұмабаев секілді лирик, символист ақынды аудару оңай емес екені анық. Сол себепті зерттеу мақаласының мақсаты ақынның «Ақсақ Темір сөзі» өлеңінің ішкі және сыртқы көркемдік образының орыс және ағылшын тілдеріне аударылу сипатын, тәржіма барысында орын алған аудармашылық трансформациялардың болмысын интерпретациялап, тұжырымдау болып табылады.
Мақалада әлемдік аударматану ғылымында шешімін таппай, талай дискуссияға себеп болған «мәңгілік» мәселелердің бірі – поэтикалық аударманың «мүмкін және мүмкін еместігі» жайлы ғалымдардың ой-пікірлері негізге алынады. Бұл зерттеудің теориялық құндылығын көрсетеді. Орыс тіліндегі екі аударма нұсқасы мен ағылшын тіліндегі аударма түпнұсқамен салыстырмалы түрде текстуалды және экстра текстуалды деңгейде талдауға түсіп, ықтимал болжамдар жасалады. Аудармада орын алған өзгерістер түпнұсқадағы автордың ойы мен интенциясына, сөз саптауына тигізген әсері тұрғысынан қарастырылады. Бұл зерттеудің практикалық құндылығын құрайды.
Нәтижесінде, поэзия аудармашысы түпнұсқа тілі мен аударма тілінен жалпы тілдік құзіретке ғана ие емес, екі жақтың да әдеби-поэтикалық тілі мен мәнерін, мәдени құндылықтар жүйесін, тарихын, тіпті автордың өмір жолы мен шығармашылығын, осы өлеңді жазудағы мақсатын, өмір сүрген заманы мен қоғам ерекшеліктерін алдын-ала танып білуі қажет, бойында ақындық қабілет болуы керек деген қорытынды жасалады.
Түйін сөздер: Мағжан Жұмабаев, поэзия, поэтикалық аударма, лингвопоэтика, көркемдік-бейнелеуіш құралдар.