Адамзат дүниетанымындағы «тілдік сана» мен «діни сананың» репрезентациясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020.v179.i3.ph8Аннотация
Мақалада адамзат дүниетанымындағы тілдік сана мен діни сананың ерекшелігі мен олардың бірлестігі қарастырылады. Тіл – әлеуметтік мәнділікке ие ұлттық көрсеткіш болса, дін – адамның рухани жан азығы, мәдениет пен өркениеттің бастауы. Тіл адам санасындағы біртұтас бейнені модельдеуші құрал болса, дін сол сананы қалыптастыратын жоғарғы ұғым. Тіл де, дін де адамзат тарихында қажеттіліктен туған қоғамдық құбылыстар. Адамзат дүниетанымының даму көрсеткішіне тілдік сана мен діни сананың өзіндік ықпалы зор. Діннің таралуы діннің қасиетті тілінің таралуымен қатар, дін мәдениеті, діни идеясы, бір тұтас әлемге діни көзқарасты, діни біртұтас сананы да таратады. Қоғамдағы діни сананың орнын ескере отырып, халық аузындағы күнделікті тілдік бірліктерді талдау арқылы ұлттық құндылықтар мен ұлттық дүниетанымды анықтауға болады. Діни сананың түп төркінінде адамзаттың тылсым күшке деген сенімі жатыр. Сенімнің негізінде қалыптасатын дүниетаным – тілдік бірліктер арқылы көрініс табады. Адамзат баласы дүниетанымының бастауында діни сенім (діни сана) тұрады. Адамзат дүниетанымындағы тілдік санаға діни сананың немесе діни санаға тілдік сананың өзара тең дәрежедегі ықпалдастығы, адамның тұлғалық қасиетін, қала берді этностың ұлттық болмысын қалыптастырады. Дін мен тілдің үйлесімі этностың ұлттық менталитетін, өмірлік дүниетанымын, дүниелік ұстанымын, құндылықтар өлшемін көрсетеді.