Эпикалық дәстүр табиғаты: синергетикалық пайымдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v181.i1.ph4Аннотация
Қазақ халқының эпикалық дәстүрінің арқауында сан ғасырларды қамтитын этникалық үдерістің жатқаны белгілі. Сол себепті ғасырлар тереңінен жеткен эпикалық дәстүр бір ғана көркем емес, сонымен бірге танымдық құбылыс болып табылады. Себебі эпос пен эпикалық дәстүр ел санасында елеулі із қалдырған этникалық үдеріс аймақтарында ерекше дамыған. Мақалада эпикалық дәстүр этнографиялық құбылыс, ал қаһармандық эпос – поэзия мен музыканың селбесуі ретінде қарастырылады. Қазақ халқының музыкалық-эпикалық дәстүрін дамытушы – жырау мен жыршылардың қызметі туралы көп айтылып, олар бірде асқан импровизатор, бірде қарапайым орындаушы ретінде бағаланды. Кейбір авторлар XYIII ғасырдан соң жырау типі мүлде жойылып, бір ғана жыршылар қалды деген ойды да айтып бақты. Алайда мұндай пікірлердің өміршеңдігі айтырлықтай болмады. Себебі эпикалық дәстүрдің көрнекті тұлғаларының XIX ғасыр аясында да жырау атанып келгені баршаға мәлім (Базар жырау). Мақалада қазақ халқының эпикалық дәстүрінің тұтас күйінде алынып, кешенді түрде зерттелмей, жеке мәселелері бір-бірінен байланыссыз қарастырылып, ондағы танымдық және көркемдік арналардың синкреттік бірлігі ескерілмегені көрсетілді. Осындай сыңаржақ зерттеулердің қазақ халқының эпикалық әлемінің толымды бейнесін жасауға алып келмегені де атап айтылады. Осының бәрі мәселенің синергетикалық өзегін құрады.