Қазіргі қазақ қоғамындағы ер-жігіттің рөлі мен бейнесі (әлеуметтік-сауалнама нәтижелері негізінде).
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v182.i2.ph9Аннотация
Гендер ғылымы жыныс бойынша әйелдер мен еркектердің арасындағы ерекшеліктерді зерттейді. Бұл ғылымның дамуы әрбір елде еркек пен әйелдерге қатысты көзқарастар мен талаптардың өзгерісіне алып келді. Германия, Франция, АҚШ-тан бастау алған феминистік қозғалыстардың шығуы да осы гендер ғылымының дамуына тікелей әсер етті. Бұл өзгерістер қазақ қоғамында да көрініс тауып жатыр. Себебі бүгінде қазақ қоғамында да ер жігіттің бейнесі бұрынғы кезеңмен салыстырғанда өзгерді деген пікірлер пайда болды. Қазақ қоғамындағы ер жігіттің бейнесі экономикалық, саяси, мәдени, әлеуметтік және инновациялық жағдайлардың әсерінен біршама өзгерістерді өз басынан өткізді деп айта аламыз. Біз осы мәселені анықтау мақсатында сауалнама жұмысын жүргізген болатынбыз. Сауалнама барысында респонденттерге андроцентризм, әйел және еркек теңдігі, нағыз ер жігіттің бойындағы қасиеттер қандай болу қажет деген сұрақтар лебі қойылды. Сондай-ақ мақалада «жігіт» сөзінің шығу тегі, онымен байланысты сөз тіркестердің мағыналары талданып, қазақ танымындағы жігіттердің рөлі мен орнына қатысты пайымдаулар келтіріледі. Шетелдік және отандық ғалымдардың гендерлік лингвистика, әйел және еркек сөйлеу тіліне қатысты ерекшеліктері жөнінде айтқан тұжырымдары талқыланады. Бүгінгі Қазақстандағы гендерлік лингвистиканың шығу тарихы мен жай-күйіне қатысты тың ақпарат беріліп, феминистік ұйымдар мен олардың қызметі және олардың қоғамдағы орнына қатысты пікірлер талданады. Аталмыш жұмыста сауалнама нәтижелерін талдай отырып, біз қазіргі қоғамдағы қазақ жігітінің бейнесі мен рөлі қандай деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.