ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы әлемдік поэтикалық дәстүр аясында
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v182.i2.ph11Аннотация
Мақалада ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ жазба әдебиетінің даму мәселелері және қазақ поэзиясының жаңа ғасырдағы өркен жаюы жан-жақты қарастырылады. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиетінде ұлы Абай дәстүрін жалғастырған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ақындар творчествосы ерекше көзге түседі. Олар қазақ жазба әдебиетінде азаттық идеясын басты ұстаным еткен, азатшыл ағым қалыптастырды. Мақала авторларының басты мақсаты – ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясын әлемдік поэтикалық дәстүр мәнмәтінінде (контексте) анықтап, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев творчестволық мұрасын біртұтас көркемдік жүйе ретінде алып, сол арқылы ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиетінің әлем және адам туралы тұжырымдамасының мән-маңызын ашу. Сонымен қатар мақалада әр ақынның творчестволық ерекшелігін айқындауға да нақты назар аударылған. М. Жұмабаев поэзиясында ХХ ғасыр бас кезіндегі бір қалыпты емес, күрделі де қарама-қайшылықты диалектикалық үдерісті толыққанды көркем образ арқылы беру шеберлігі мен реальды шындықты көркем бейнелеу творчестволық ерекшелігі екендігін терең талдау арқылы байыптаған. А. Байтұрсынов поэзиясындағы қазақ қоғамының барлық әлеуметтік топтарын қамтыған сан түрлі характерлер сомдалуы, халық өмірін кеңінен ашуға ұмтылумен дәуірдің әлеуметтікфилософиялық мәселелерінің кеңінен қойылуы оның нағыз халықтық ақын ретінде қалыптастырғандығын нақты материалдар негізінде дәлелдейді. Ал, М. Дулатов өлеңдері негізіндегі түпкі ой оның өмір шындығын терең зерттеуімен саяси-әлеуметтік өзгерістерді түсінуімен айқын қабылдауынан туындап жататындығын ақын поэзиясының басты ерекшелігі ретінде қарастырады. Жалпы алғанда, ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті – қоғамдық сана мен адам психологиясы өзгерісінің, жеке адамдар тағдырының, қоғамдық-саяси жағдайлардың оқыс өзгерістік кезеңіндегі көркем шежіресі. Сол себепті де мақала авторлары осынау уақыт кезеңінде қазақ ақындары қоғамның рухани сұраныстарын нақты танып, жеке адамның қоғамдағы орнын айқындап, адамзатқа тән адамгершілік мәселесін жалпы ұлттық және әлемдік деңгейде көтергендігін жан-жақты әрі тиянақты түрде қарастырады