Коммуникативтік-прагматикалық парадигма: айтылым мәдениетін қалыптастырудың маңызы мен мүмкіндіктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v183.i3.ph5Аннотация
Кіріспеде коммуникативтік-прагматикалық парадигманың жаңа, өзекті бағыт екендігімен қатар, бұл идеялардың негізі ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының еңбектерінен бастау алатындығы айтылады. Білім беру үдерісінде жас ұрпақтың тұлғалық мәдениетін, сөз мәдениетін жетілдіру оның азаматтық келбетін, ұлттық санасы мен ділін қалыптастыруға да мол мүмкіндік беретіндігі әр кезеңдегі ойшылдардың пікірлерімен дәйектелген. Мақалада тұлғаның айтылым мәдениетін қалыптастыру мәселелерін қарастыру мақсат етілгендіктен, сөйлесім әрекетінің құраушы бөлігі - айтылымның ерекшеліктері жан-жақты сараланады. Осы орайда ауызша мәтін құрау дағдыларын меңгертуде коммуникативтік-прагматикалық әдісті қолдану тиімділігі ғылыми тұрғыда негізделген.
Мақала авторлары – «Тілдік коммуникация парадигмалары: әдеби айтылым мен латынәліпбилі жазылым» жобасына қатысушылар. Сондықтан мақалада осы жоба аясындағы зерттеу тұжырымдары да қамтылып отыр. Эксперимент барысында білім алушыларға нақты бір мақаланы талдау үшін ауызша сөзді әзірлетуде құрылымдық сызбамен жұмыс ұсынылады. Білім алушылардың осындай нақты бағыт бағдар алуы арқылы олардың коммуникативтік-прагматикалық парадигмаға сай ауызша сөз мәдениетінің коммуникативтік сапасына тән сөйлеу дағдыларын меңгеретіндігі дәлелденіп, қол жеткізген нәтижелері санамаланып берілген.
Монологтік мәтіндердің құрылымдық мазмұндық бөліктерін дұрыс құрауы, меңзеуі және сөйлеушіні айтылым мәдениетіне үйретуде негізгі ойды берудегі абзацтың дұрыс қолданылуы коммуникативтік мақсатқа жетудің негізгі шарттарының бірі екендігі сараланған. Сөздің коммуникативтік сапасының көрсеткіші тек мәтінмен ғана шектеліп қоймай, қатысымның тілдік емес ең негізгі шартының бірі - адресат факторының да басты назарда болу керектігі де пайымдалған.
Кілт сөздер: коммуникативтік-прагматикалық парадигма, әдеби айтылым, ауызекі сөйлеу, сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, тілдік қатынас, сөйлесім әрекеті