Тәуелсіздік: сөз өнері және мәдени код
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v184.i4.ph20Аннотация
Әр елдің тәуелсіздігі – сол ұлттың бірегей құндылығын анықтайды. Тәуелсіз болу – халықтың саясатынан, әлеуметтік жағдайынан, руханиятынан көрінеді. Қазақ халқы ертеденақ өзінің ой-танымындағы азатшылдық, елшілдік, тәуелсіздік идеясын сөз өнері арқылы жеткізген. Мақалада тәуелсіздік кезеңіндегі сөз өнерінің ұлттық-мәдени сипаты мәтіндер негізінде талданады. Мақсаты – жаңа дәуірдегі әдеби шығарманың еркін ойлы, ұлттық таным сипатындағы құндылығын айқындау. Қазіргідей ғылымдар арасындағы ықпалдастық өрістеп жатқан кезеңдегі сөз өнерінің қасиеті, философиялық, ментальдік ерекшелігі басым бола түскені мәлім. Әдеби туындының табиғатына шығармашылық, ерекше ой мен таным және бейнелілік тән. Фольклор филологиялық ғылымның ауқымынан шығып, этнография, халықтану, музыка, психология сияқты ғылымдармен үндеседі. Сондықтан да фольклор халықтың тарихымен, мәдениетімен, тұрмысымен байланыста өрістеп, жалпыадамзаттық дүниетанымда айғақтайды. Фольклорда қолданылатын дәстүр ұғымы әдебиетте де кең мәнге ие. Алайда әдебиеттегі дәстүр мен сабақтастық фольклордағы мағынасынан айырмасы бар. Осы ретте, фольклор – халықтың тұрмыс-салтының жиынтығы болса, көркем әдебиет – әлеуметтік және мәдени құбылыстардың бір бөлігі. Сондықтан фольклор көпшілікке ортақ шығармашылық тұрғыда дамып, жалғасып отыратын халықтық шығарма. Түйіндей келгенде, әдебиет пен фольклор бірігіп, әр халықтың сөз өнеріндегі ерекшеліктерді, көркемдік шығармашылық болмысты, терең идея мен құрылымдықбейнелілік сипатты анықтайды да сөз өнерінің осы қасиеті – мәдени кодты қалыптастыруға негіз болады. Түйін сөздер: тәуелсіздік, ұлт, код, фольклор, көркем туынды.