XX ғ. басындағы тілдік тұлғалар: Халел Досмұхамедұлы – түркітанушы

Авторлар

  • G. K. Anes Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, “Арыс” қоры (баспасы), Қазақстан, Алматы қ. http://orcid.org/0000-0002-6844-8675

DOI:

https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph5
        63 264

Аннотация

Мақалада Алаш арысы, дәрігер проф. Халел Досмұхамедұлының (1883 – 1939) ғылымизерттеушілікпен айналысқан «Ташкент кезеңі» жан-жақты сөз болады. Оның қазақ ғылымын ұйымдастырудағы жанқиярлық еңбегі, баспагер-редакторлығы, ең бастысы, түркітанушы ретінде тіл біліміне қатысты сүбелі зерттеулері талданады. Қазақ ғылымында аз жылда өшпес із қалдырған проф. Х.Досмұхамедұлы – феномен құбылыс, сондықтан оның мұрасын игеру – замана талабы. Қазақстанда 1929 жылдан 1989 жылдың басына дейін 60 жыл бойы ресми советтік-коммунистік жүйе тек жалғыз Халел Досмұхамедұлы емес, барша «алашшыл» аталған жүздеген қазақ оқығандарының аты-жөнін ататпады: олардың бірде-бір еңбегі (мақалалары, кітаптары) баспа бетін көрмеді; цензура сүзгісінен тіптен оларды қаралаған материалдар да өтпеді; халық жадында олар туралы қандай да бір түсініктің болмауы қатаң қадағаланды; шын мәнінде олардың атыжөні, қоғамдық қызметі және жеке шығармашылықтары ел тарихындағы «ақ таңдаққа» айналды. ХХ ғасыр басындағы алашшыл қазақ оқығандарының тағдыры қызығушылық туғызған мақала авторына ең алдымен архивтердің («спецхран» атанған) құпия қорларында ғана сақталған жазба материалдармен танысу үшін араб хәріпті жазу үлгісін (қадимше және жәдитше) өз бетінше меңгеруге тура келді. Өміріміздің соңғы отыз жылы осы ауыр шығармашылық жолға жұмсалды деп айтуға болады: ағартушыларымыз Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлының мүмкіндігінше барша ғылыми және публицистикалық мұрасын іздеп тауып, оны қазіргі кирил жазуына түсіріп, том-том кітап етіп шығаруға тура келді. Шындығында, бұл жариялыққа бет бұрған жаңа Қазақстанның қоғамдық сұранысын өтеу, ыждағаттылықты талап ететін жан-жақты текстологиялық ауқымды жұмыс-тұғын. ХХ ғасыр басындағы баспа бетін көрген араб хәріпті кітаптар мен мақалалардың толық базасы жасалып, А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлының көптомдық еңбектері біздің құрастыруымызбен мол таралыммен жарық көріп, туған халқымен қауышқаннан кейін енді олардың өмірі мен тағдыры, қоғамдық-саяси көзқарасы мен күрес жолы, ең бастысы шығармашылығы туралы салихалы зерттеулер жазуға жол ашылды. Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған мақала осындай мақсаттағы алғашқы зерттеудің бірі. Түйін сөздер: тілдік тұлға, түркітану, тіл тарихы, үндестік, сингармонизм.

Жүктелулер

Как цитировать

Anes, G. K. (2022). XX ғ. басындағы тілдік тұлғалар: Халел Досмұхамедұлы – түркітанушы. ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, 185(1). https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph5

Шығарылым

Бөлім

Языкознание