Қазақ этносы өкілдерінің тілдік санасындағы «жар» этномәдени құндылығы
Аннотация
Мақалада қазақ тілі мен мәдениеті өкілдерінің тілдік санасында «жар» этномәдени құндылығының концептуализациялану ерекшеліктері берілген. Қазақ тілдік санасында «жар» құндылығының концептуализациялану жолдары психолингвистикалық зерттеудің нәтижесінде сипатталды. Зерттеудің мақсаты, сонымен қатар, психолингвистикалық зерттеу нәтижесінде алынған деректер негізінде қазақ тілінде «жар» ассоциативті өрісін модельдеу және «жар» ассоциативті өрісінің құрамындағы мағыналық (семантикалық) аймақтарды жіктеу болды. Зерттеу материалы қазақ тілі мен мәдениеті иелері болып табылатын қазақ этносы өкілдері арасында жүргізілген жаппай еркін ассоциативті эксперимент деректеріне негізделді. Деректерді алу әдісі «жар» ынталандырушы сөзіне белгілі бір уақыт аралығында берілген жауаптарды тіркеу арқылы жүргізілген еркін ассоциативті эксперимент болды. «Жар» этномәдени құндылығына алынған ассоциациялар «жар» этномәдени құндылығының ассоциативті өрісін модельдеу және гештальттардың семантикалық аймақтарын құрылымдау арқылы жиілік критерийі бойынша рәсімделді. «Жар» ынталандырушы сөзінің ассоциативті мағынасында зерттеу нәтижесінде анықталған компоненттер қазақ мәдениетінің этникалық ерекшелігіне байланысты болып келеді. «Жар» ассоциативті өрісі «махаббат, қолдау», «отбасы мүшелері, адамдар», «өмірлік серік», «нысан», «уақыт», «байлық», «жануарлар, құстар» және «түс» семантикалық аймақтарын құрады, олардың ең көлемділері махаббат пен қолдауды, отбасы мүшелері мен адамдарды және өмірдегі серіктестікті айқындады.