Тілдік курстарда фильмдер арқылы мәдениетаралық коммуникативтік сауаттылықты дамыту
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph16Аннотация
Бұл зерттеу жұмысы қазақ тілі курсында студенттердің мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамыту және тілдік құзыреттілігін арттыру құралы ретінде фильмдерді тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қарастырады. Шынайы дискурс пен бай мәдени контекстке толы болуына орай фильмдер тіл үйренуге қолайлы орта құру және студенттерге тілдің табиғи қолданылуы жағынан да, мәдени контекст жайлы да жан-жақты түсінік беруде тиімді құрал. Себебі фильмдер тілдік және мәдени ақпараттардың алтын кеніші болып табылады. Назарбаев Университетінде «Кино арқылы мәдениетаралық коммуникация» курсы аясында жүргізілген зерттеуімізде мәдениетаралық коммуникативті құзыреттілікті арттыруда фильмдерді пайдаланудың тиімділігін бағалау үшін аралас зерттеу әдісі, оның ішінде тестілеу, сауалнама жүргізу әдістері қолданылды. Зерттеуге әртүрлі мәдениеттер мен академиялық ортадан келген 45 студент қатысты. Қатысушылардың алуантүрлілігі кең ауқымды перспективаларды қамтамасыз етті. Құзыреттіліктің түрлі аспектілерін өлшеу мақсатында бірқатар деректер жинау құралдары, соның ішінде сауалнама және рефлексивті эссе талдауы пайдаланылды. Алынған нәтижелер фильмге негізделген тапсырмалардың сыни ойлауға, мәдени салыстыруға және сөздік қорын кеңейтуге жағымды ықпал етіп, тіл үйренуді неғұрлым қызықты әрі тиімді ететінін көрсетеді. Дегенмен жұмыс барысында шешуді қажет ететін бірнеше мәселелерге, соның ішінде студенттердің тілдік деңгейлерін ескеру, сонымен қатар оқу мақсаттарына сәйкес (тілдік не кәсіби бағытта, т.б ) фильмдерді мұқият таңдау секілді бірқатар мәселелерге назар аударылады. Зерттеу жұмысы фильмдерді тілдік білім беруде қолдану жайлы таным-түсінігімізге елеулі үлес қосып, оның әлеуетті артықшылықтары мен сын-тегеуріндерін көрсетеді. Қорыта айтқанда, қол жеткізген нәтижелер әр түрлі кино жанрлары мен олардың қоғам санасына ықпалы, дүниетанымдық маңызы және фильмдерді тілді меңгеру мен мәдениетаралық құзыреттілікті қалыптастыруда тиімді пайдалану әдістемесі, т.б іс-шаралар жайлы әлі де терең зерттеулердің қажеттілігін көрсетеді.