Поэтикалық дәстүр және шығармашылық үндестік
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph13Аннотация
Мақалада қазақ әдебиетіндегі поэтикалық дәстүр және шығармашылық үндестік мәселесі Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев және Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері негізінде талданады. Мағжан және Мұқағали поэзиясындағы Абай дәстүрінің көрінісін сипаттай отырып, ақындардың лирикалық өлеңдеріндегі өзіндік ерекшеліктері мен көркемдеу тәсілдеріне сипаттама берілген. Ақындардың туындыларындағы көркемдік құралдардың қолданылу сипаты, автор сезімінің сөзбен өрнектелуі жансыз құбылысқа жан бітіру, образдар қатары, психологиялық көңіл-күй суреттері нақты өлең шумақтары арқылы зерделеніп, мысалдармен дәйектелген (өрнектелген). Лирикалық өлеңдерге поэтикалық талдау жүргізу арқылы ақындардың шығармашылық шеберліктері мен өзіне тән көркемдік стильдері және шығармашылық үндестік анықталды. Абай, Мағжан мен Мұқағали туындыларындағы тармақтар мен жеке сөздердің поэтикалық мәні оның шынайылығы мен үйлесімділігінде екені ескеріле отырып, қазақ поэзиясында олардағы көркемдік құралдардың қолданылу ерекшелігі дәлелденді.
Мақалада Абай, Мағжан, Мұқағали туындыларында табиғатпен жанаса тіршілік ететін адам баласының таным-түйсігі, өмірді қабылдауы мен бағалауы, болмысты тануы, оның сипаты мен сезімдері шеберлікпен суреттелгені нақты мысалдар арқылы зерттелді. Қазақ ақындарыныңлирикасын салыстыра талдай отырып, олардың поэтикалық ерекшелігін, әбқайсысына тән шығармашылық шеберлігін, көркемдік қиялын талдау қазақ поэзиясындағы түрлі дәстүрлерді тануға, туындыларды түсінуге, көркемдік талдау үлгісін дамытуға үлес қосады.