Жалпытүркілік фраземалардың қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph7Аннотация
Мақалада соматизмдер ұйытқы болған фраземаларға салыстырмалы-тарихи тұрғыдан талдау жасалынған. Фраземаларды түркітану шеңберінде қарастыру тілдік бірліктердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтауға септігін тигізеді. Сондықтан да, фраземаларды салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы қарастыру – қазіргі ғылымның өзекті мәселелерінің бірі. Зерттеу барысында лексикографиялық дереккөздерден тілдік бірліктер жинақталды және жүйеге келтірілді. Мақалада бас, құлақ, көз соматизмдері ұйытқы болған көне түркілік фраземалардың грамматикалық, семантикалық ерекшеліктері сипатталған, сондай-ақ, қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысы қарастырылды, соған қатысты зерттеушілердің өзіндік пікірі берілген. Зерттеу барысында фразема құрамындағы лексемалардың семантикасына ерекше назар аударылды.
Қазіргі әр түркі халқының этногенезінде түрлі тайпалардың қатысы болғандығы тілдік бірліктерді қарастыру барысында байқалады. Сондықтан да фраземаларды диахронды тұрғыдан зерттегенде туыс тілдер тобын ғана қарастырмай, түркі тайпаларының орналасу аймағын (ареалдық тұрғыдан) ескерген жөн. Мақалада XV ғасырға дейінгі жазба ескерткіштерде кездесетін фраземалар үшін жалпытүркілік фраземалар деген атау қолданылады. Фраземаларды талдау барысында жалпытүркілік фраземалардың қазіргі түркі тілдерінде қолданылатындығы анықталды, олардың грамматикалық, семантикалық ерекшеліктері ұлттық тілдердің дамуына қарай қалыптасқан. Жалпытүркілік фраземаларды құрылымдық-семантикалық талдау нәтижесінде кейбір көне фраземалардың қолданыстан шыққандығы анықталды. Фраземалар – ұлттық тілдердің даму барысында әртүрлі ішкі, сыртқы факторлардың әсерінен туындаған, мәдени кодты сипаттайтын айрықша тілдік бірліктер.
Түйін сөздер: жалпытүркілік фраземалар, түркі тілдері, соматизм, мағына, тілдік бірліктер.