БАҚ тіліндегі эмотивті-бағалауыштық лексика
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v193.i1.ph3Аннотация
Зерттеу жұмысы эмотивтік-бағалаушы лексиканы антропоөзектік тұрғыдан зерттеп, когнитивтік-прагматикалық сипатын нақтылауға бағытталған. Сол арқылы адамның тілдік бірліктерді қолданудағы мақсаты, діттемі, ойын жеткізу үшін қолданатын стратегиясы мен тактикасы айқындалады. Эмотивтік-бағалаушы бірліктерді антропоөзектік тұрғыдан зерттегенде олардың когнитивтік-прагматикалық ерекшеліктері көрінеді, сондай-ақ эмотивтік-бағалаушы бірліктерді дискурста қолданатын тілдік тұлғаның спихологиялық, әлеуметтік, ментальді ерекшелігі де айқындалады.
Тілдік бағалауды когнитивтік-коммуникативтік тұрғыдан сипаттауда аталым (номинация) актісі құндылықтар жүйесі негіз болады. Тілдік бағалауды когнитивтік-коммуникативтік тұрғыдан сипаттауда адамның танымдық қызметіне, ұлттық-мәдени ерекшелігіне ерекше мән беріледі. Зерттеу жұмысының мақсаты – қазақстандық және шетелдік БАҚ мәтіндеріндегі эмотивті-бағалауыштық лексиканың берілуін, антропоөзектік сипатын нақтылау.
Бағалаудың семантикалық мәнін айқындау, тілдегі көрінісі туралы мәселе тіл білімімен сабақтас философия, логика, психология, этика, эстетика сияқты гуманитарлық ғылымдармен де тығыз байланысты. Зерттеу жұмысының жаңалығы қазақ тілді және шет тілдік материалдардағы эмотивті-бағалауыштық сөздердің мәні мен қызметін салғастыра отырып, лингвомәдени, когнитивтік, коммуникативтік тұрғыдан кешенді түрде сипаттаумен байланысты. Түрлі мәдениет өкілдерінің бағалау үшін қолданылатын тілдік бірліктер, әр ұлттың эмотивті-бағалауыштық сөздерді қабылдау ерекшеліктері сөз болады.
Жұмыстың теориялық құндылығы эмотивті-бағалауыштық сөздердің антропоөзектік парадигма тұрғысынан сипатталып, когнитивті, лингвомәдени, прагматикалық сипаты кешенді түрде қарастырылуымен байланысты. Қазақ тіліндегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі материалдарды өзара салғастыра зерттеу нәтижесінде алынған нәтиже эмотивті-бағалауыштық сөздердің түрлі тілдердегі көрінісі, ұлттық ерекшелікке, дүниетаным, әр ұлттың санасындағы ғалам бейнесінің алуан түрлілігіне байланысты эмотивті-бағалауыштық сөздердің қолданылуы мен қабылдану ерекшеліктері талданды. Зерттеу нәтижелерін лингвомәдениаттаным, салғастырмалы тіл білімі, тіл прагматикасы, когнитивті лингвистика, коммуникативті синтаксис, т.с.с. тіл білімі салалары бойынша курстар үшін қолдануға болады. Сонымен қатар тіл білімімен шектес психосемантика, психология, этнопсихология, психоанализ, этносоциология, мәдениетттаным сияқты ғылым салаларында да пайдалануға болады. Сонымен қатар осы бағытта зерттеп жүрген ғалымдар үшін, реферат, курс, диплом жұмысын жазатын зерттеушілер үшін де берері мол.