Қалихан Ысқақ драматургиясының көркемдік-идеялық ерекшелігі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v193.i1.ph12Аннотация
Мақалада драматургия жанрында елеулі еңбек еткен жазушы Қалихан Ысқақтың әр жылдары «Жарық дүние», «Жан қимақ» деген атаулармен жарық көрген жинақтарындағы пьесаларының көркемдік-идеялық ерекшелігі қарастырылады. Драматургтің образ сомдау ерекшелігі, шығармаларындағы тартыс табиғаты, оның әлеуметтік, адамгершілік-философиялық аспектісі, көтерілген мәселелер мен айтпақ болған идеясы, тілдік қолданыстары талданады. Мақалада пәнаралық зерттеулерге көңіл бөлініп, соның ішінде тартыстың табиғатын тану үшін тек әдеби тұрғыдан емес, оның әлеуметтанушылық, философиялық, психологиялық жақтары да сараланады. Мәселен, «Қараша қаздар қайтқанда» пьесасындағы драматизмнің әдеби-эстетикалық сипатын отандық әдебиеттанушы Т.Есембеков еңбегіне сүйене отырып, туыс адамдар арасындағы қатынастарды психоаналитакалық тұрғыдан қарастырған З.Фрейд ойларымен байланыстыра, тартыс табиғатын атақты әлеуметтанушы, әлеуметтік конфликт теориясын зерттеген Л. Козер еңбегіне, ал әдеби-теориялық жағынан Т. Иглтонның кітабына негіздей зерделеніп, Қ.Ысқақ пьесасындағы тартыстың пәлсапалық астары терең, әрі әдеби-теориялық және әлеуметтік жағынан сауатты құрылғаны анықталды.
Сондай-ақ Қалихан Ысқақтың тарихи драма, әлеуметтік драма, саяси сатира жанрларында жазған пьесаларындағы көтерілген проблематикалар әрқашан сол кезеңдегі әлеуметтік дискурстың шеңберінен асып бүгінгі күн мәселелерімен үндесіп жататындығы айқындалды.
Түйін сөздер: пьеса, драматургия, тартыс, тарихи драма, идея, проблематика