Қазақ шаршысөзі: тілдік нормасы, сөз әдебі, құрылымы

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v193.i1.ph6
        273 217

Аннотация

Мақала шаршы топ алдындағы ауызша сөздің нормасы, сөз әдебі және шаршысөздің құрылымын сипаттауға арналған. Автор шаршысөзді ағылшын тіліндегі public speaking, орыс тіліндегі публичная речь ұғымдарының қазақ тіліндегі баламасы ретінде алады. Шаршысөзді адамның өз ойын тыңдаушыға әсер ете алатындай, іс-әрекетке шақыра алатындай сөйлеуге мүмкіндік беретін, қарекет етуге итермелейтін, адамның өз болмысы мен білімін танытатын, сөйленіп тұрған тілге деген махаббат пен сүйіспеншілікті арттыратын стиль құралы; көркем әдебиет, публицистикалық, ғылыми және іскери (кәсіби) сияқты мақсатты (функционалды) стильдердің бірі болып келетін, бүгінде қазақ тіл білімі дискурсында шаршысөз стилі деп аталатын сөйлеу машығы тудыратын сөз («речь» мағынасында) түрі деп алады. Шаршы топ тіркесін бірін-бірі жақсы танитын бір елдің, ауылдың адамдары емес, төрт жақтан келген, бірін-бірі танымайтын бейтаныс адамдардың бір жерге жиналуын білдіретін атау ретінде пайда болған, төрт тараптан келген, құрамы әртүрлі орта дегенді білдіретін ұғымдық атау деп түсіндіреді. Сондықтан шаршысөз термині жалпы көпшіліктің, бейтаныс ортаның алдында сөйленген, талап жоғары қойылатын сөз деген ұғымда сәтті жасалғанын айтады. 

Қазақ тіліндегі шаршысөздің кешегі және бүгінгі жай-күйін сипаттай келе, қазіргі қазақ ауызша шаршысөзіндегі кемшіліктерді атайды. Қазақ тілі шаршысөзінің тілдік нормалары, ерекшелігі, шаршысөздегі сөз үнемділігі, шаршысөздің құрылымы туралы баяндайды.

Зерттеу мақаланың негізгі материалы болып қазіргі қазақ тіліндегі ауызша дискурс мәтіндері, ресми, бейресми жағдаятта сөйленген шаршысөздер, көпшілік алдында әлеуметтік-тұрмыстық қатынаста, ғылыми-көпшілік аудиторияда сөйленген ғылыми сөздердің таспаға жазылып алынып, транскрибациясы жасалған нұсқалары және олардың аудиолары болып табылады. Нақты айтқанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының дыбыстық қорында 90-жылдардың ортасынан бері жиналып келе жатқан бейнекамера алдындағы арнайы ұйымдастырылған сұхбаттар, ғылыми аудиторияда сөйленген сөздер, ғылыми-көпшілік жиындар (конференция, дөңгелек үстел, семинарлар), қоғамдық-әлеуметтік шаралардағы (ас, еске алу, дастархан басы) сөздердің таспаға жазылған нұсқалары зерттеу жасауда басты алаң болды. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жасаған қазақ тілінің ұлттық корпусындағы «Ауызша тіл ішкорпусы» материалдары пайдаланылды.

Зерттеуде шаршысөзді бейтарап тыңдау, таспаға жазу, оның транскрибациясын жасау, транскрипциясын түсіру, сөзге фонетикалық, грамматикалық, орфоэпиялық, синтаксистік талдау жасау әдістері қолданылды.

Кілт сөздер: шаршысөз, ауызша тіл, сөйлеу тілі, кітаби тіл, сөз мәдениеті, публицистикалық стиль, мақсатты стильдер.

Автордың биографиясы

K. Kuderinova, Институт языкознания имени А.Байтурсынова, Казахстан, г. Алматы

Құралай Күдеринова (корреспондентный автор) – доктор филологических наук, профессор Института языкознания имени А.Байтурсынова (Алматы, Казахстан, email: kuderinova_70@mail.ru);

Жүктелулер

Как цитировать

Kuderinova, K. (2024). Қазақ шаршысөзі: тілдік нормасы, сөз әдебі, құрылымы. ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, 193(1), 65–76. https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v193.i1.ph6