Абай өлеңдерін корпустық технологиялар көмегімен зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v194.i2.ph010Аннотация
Мақалада Абай өлеңдерін корпустық технология көмегімен зерттеудің ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ поэтикалық мәтін корпустарын зерттеу мен құру сала мамандары үшін ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік мәселе ретінде де маңызды. Шетелдік және ресейлік ғалымдардың еңбектерінде корпус құрылғаннан кейін академиялық сөздіктер мен грамматикалар қайта қаралып, қайта жазылғандығы туралы ақпарат бар. Абай өлеңдерінің кіші корпусын жасау, қазақ әдеби тілінің мәтіндері негізінде тілдік корпустарды пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру және осы мүмкіндіктерді іске асырудың ғылыми-теориялық негіздемесін әзірлеу қажет. Өйткені, тілдік корпусты құрастыруда, атап айтқанда, әртүрлі сөздіктерді құрастыруда, ғылыми грамматиканы қайта жазуда немесе белгілі бір лингвистикалық құбылыстарды анықтауда алынған нәтижелерді қолдану корпустық лингвистиканың болашақ дамуы үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің жаңа технологиясын қалыптастыру үшін де маңызды. Ұлттық корпус бірінші кезекте тілдің лексикасы мен грамматикасын ғылыми зерттеуді, сондай-ақ тілде салыстырмалы түрде шағын кезеңдер – бір ғасырдан екі ғасырға дейін болатын тілдік өзгерістерді қамтамасыз етуге арналған. Корпустың тағы бір функциясы – лексика, грамматика, акцентология, тіл тарихы салаларына қатысты әртүрлі анықтамаларды ұсыну. Қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар мәтіндердің лингвистикалық өңдеу рәсімдерін бірнеше рет жеңілдетеді және жеделдетеді. Поэтикалық мәтін корпусын жетілдіру арқылы Абай тілінің кіші корпустарын жасауға, электронды тілдік корпустар қызметін жетілдіруге, лексикографиялық зерттеулер жүргізуге, Абай өлеңдерінің кіші корпусын автоматтандырудың ғылыми методологиясын негізін жасауға мол мүмкіндік туады. Абай қолданысындағы сөз байлығын жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдің сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы болмақ.
Түйін сөздер: корпустық лингвистика, ұлттық корпус, ақпараттық технология, корпустық технология, Абай поэтикасы, қазақ поэтикалық мәтіні