Муғин әл-мурид және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті: рухани үндестік – дәстүр жалғастығы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v196.i4.ph16Аннотация
Қазақ елінің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі – Алтын Орда кезеңі. Бүгінгі таңда Алтын Орданың әлемдік өркениет тарихында алатын орнын зерделеу, жазып қалдырылған әдеби жәдігерлердің кейінгі дәуірлердегі қазақтың ұлттық дүниетанымына тигізген ықпалын зерттеп, ғылыми айналымға салу жұмыстары жанданып келеді. Діни дидактикалық стильде жазылған «Муғин әл-мурид» шығармасы бұл тұста жазылған құнды еңбектердің бірі деуге болады. Мақала аталған жазба жәдігердің жазу тарихы мен көркемдік-идеялық ерекшеліктерін ашуды, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ жазба әдебиеті арқылы жалғасқан дәстүрдің жалғасын зерттеуді мақсат етеді.
Негізгі бағыттары мен идеялары: мақала жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы екі маңызды кезең: Алтын Орда және ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық бағыттағы әдеби мұраларды салыстыра зерттейді. Негізгі идеясы – ғасырлар бойы қазақтың рухани құндылықтарына айналған иман шарттары мен шариғи заңдылықтарды қазақ арасында поэзия арқылы насихаттаған ақындар шығармаларын талдау.
Нәтиже мен талдаулар: Алтын Орда кезеңінде дін-ағартушылық идеяны насихаттауды мақсат еткен Муғин әл-мурид шығармасы кейінгі ғасырларда көптеген шығармалардың жазылуына себеп болды. Солардың бірі ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына себеп болған ақындар шығармашылығы. Талдаулар барысында шығармалар арасындағы рухани үндестік пен дәстүр жалғастығына басты назар аударылды. Мысалы, Шортанбай Қанайұлы, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулат сынды ақындар шығармалары арасындағы дәстүр жалғастығы салыстырмалы талданды.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы: зерттеу жұмысында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы саяси жағдай негізге алына отырып, отаршылдық кезеңде қазақ халқының мәдени-әдеби өміріне өзгеріс алып келген ақындар шығармашылығының бүгінге дейін ғылыми көпшілікке жарияланбаған тұстары айқындалды.
Түйін сөздер: Алтын Орда, Муғин әл-мурид, қазақ әдебиеті, рухани үндестік, дәстүр жалғастығы.