Академик Ә. Қайдар: тілдік жады этнос тарихын сақтаушы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph08Аннотация
Қазіргі когнитивтік лингвистика мәселелері тіл мен адам арақатынасының пәнаралық сабақтастыққа негізделген ұғымдық кеңістігін айқындап келеді. Адам жан-жақты қабылдаудың нысаны ретінде трансформациялық жобалардың бағыт-бағдарын нақтылаумен қатар, ғылыми теориялық ұстанымдардың да, олардың таңбалық табиғатының да әрі прагмадискурстық әлеуетінің де бірліктерін жүйелеу үстінде. Осыған орай, бүгінгі тіл біліміндегі концептуалды мәселелер адамның мнемикалық (есте сақтау) әрекетіне қызығушылық танытумен тығыз байланыста өзектеліп отыр. Ақпараттың сақталуы, қайта қолданысқа енуі, жадыда орнығуы семантикалық және мәнмәтіндік жүйелердің басымдық танытуымен сипатталатындықтан, «жады» термині вербалды-логикалық ақпараттың сақталуын қамтамасыз ететін когнитивтік құрылғы деп танылып, ғалымдардың тың тіркестерді ғылыми айналымға қосуына себепкер болды. Олардың қатарында: тілдік жады, этностық жады, ұлттық жады, елдің жадысы, тарихи жады сияқты ұғымдарды атауға болады. Аталмыш мақаланың мақсаты танымал зерттеуші, түркітанушы, академик Ә. Қайдардың ғылыми тұжырымдарын этно-мәдени мағыналарға негізделген білім көзі ретінде сақтау, өңдеу және жүйелеу қажеттігін дәлелдеуге негізделген. Ғалым еңбектерінде тілдік бірліктер әрі диахронды да тарихи, әрі синхронды да өзекті ой кеңістігін анықтаумен қатар, «елдің жадысы, қоғам жадысы» мәселелерінің тарихи ақпараттарды сақтау, тілдің кумулятивті қызметін саралау мүмкіндіктерімен үйлесімділігін саралап отыр. Тілшінің ғылыми танымдық өрісі этногенез, генезис және «тіл әлемі» сияқты мәселелердің тоғысымен, «тілара контакт» ұғымы арқылы тілдік ассимиляция нәтижелерінің көрінісімен кеңейіп, авторлық талдаудағы лингвистика қоры қазақ тілінің араб-парсы, моңғол, орыс тілдерімен салғастырылған гомогендік ұқсастықтарына, гетерогенді айырмашылықтарына басымдық бере жүйеленгенін ескеру аса маңызды. Бұл деректер өз кезегінде тіл білімінің ғылымаралық талдауларын идиоэтникалық бірліктер табиғатымен ұштастыруға, авторлық қолданыстағы таным, көзқарас, қор, сана, дүниетану, жады, зерде ұғымдарын ұтымды өзектеуге мүмкіндік беріп отыр.
Түйін сөздер: когнитивтік лингвистика, жады, хронотопия, тарихи таным, тарихи шежіре.