Употребление глагола «қыл» в произведениях Абая
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020.v179.i3.ph9Аннотация
Қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларында бүгінгі әдеби тілмен салыстырғанда өзгеше қолданыстар едәуір көп кездеседі. Бұл ақынның кейбір өлеңдері мен қара сөздерін қазақтың ескі жазба тілінде (шағатайша) жазуымен байланысты. Ақын тіліндегі ерекшеліктер фонетикалық, морфологиялық және лексикалық өзгешеліктер қырынан зерттеліп жүр. Сондай ерекшеліктердің бірі Абай шығармаларындағы кейбір етістіктер қолданысынан байқалады. Мәселен, ақын тіліндегі бағу, төну, қашыру, сағыну, салу етістіктері бүгінгі тілмен салыстырғанда өзгеше, яғни бастапқы мағыналарында қолданылған. Сонымен қатар, қазіргі қазақ тілінде белсенді жұмсала бермейтін кейбір етістіктер Абай шығармаларында актив қолданылады. Сондай сөздердің бірі – «қыл» етістігі. Бұл мақалада Абай өлеңдері мен қара сөздерінде әлдеқайда жиі кездесетін «қыл» етістігінің қолданыс ерекшелігі талданды. Оны хакім Абайдың қалай әрі қанша рет қолданғаны нақты мысалдармен көрсетілді. Қыл – көмекші етістігімен жасалған туынды формалар, тіркестер, фразеологизмдер бүгінгі әдеби тілдегі нұсқаларымен салыстырылып қарастырылды. Оның қазіргі әдеби тілдегі «ет» және «жаса» деген көмекші етістіктермен салыстырмалы статистикасы берілді. Түрік ескерткіштері мен тілдерінен алынған деректер және ауыз әдебиеті үлгілерімен салыстырмалы талдаулар негізінде «қыл» етістігінің көне дәуірлерден бері қолданылып келе жатқан дәстүр жалғастығының көрінісі екені, Абайдың ұлт тіліндегі сол дәстүрді жалғастырушы тұлға екендігі дәлелденеді.