Лингвоаксиология: қазақтар дүниетанымындағы құндылықтар ұғымы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020.v177.i1.ph26Аннотация
Мақалада қазақ қоғамында соңғы кезде жиі айтылып, түрлі мінберлерде талданып жүрген
құндылық туралы сөз етіледі. Адамзат мәдениеті, оның әлеуметтік мінез-құлқы және ойлау өрісі
тілден тыс өмір сүрмейді. Әр халықтың мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасап келе
жатқан тілінен көрінеді. Кез келген қоғамдық-әлеуметтік қатынастардың негізін мәдени мазмұн,
оның ішінде құндылықтар құрайды. Жалпы аксиологиядан біз тілге қатысты «лингвистикалық
аксиологияны» сөз етеміз. Аксиология мен тіл білімінің арақатынасы тілдің аксиологиялық аймағын
қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Адам – Тіл – Әлем» жүйесінде адам және қоғам
болмысы қалыптасуының негізгі мағыналары арқылы тілде көрініс табуы басты назарға алынады.
Бұл бағыттың мақсаты – тілдік тұлғаның ішкі әлемін танудың әдісі мен технологиясын анықтау,
тілдік мәліметтер арқылы тұлға мен қоғамның құндылыққа деген көзқарасын зерттеу. Қазіргі
тіл біліміндегі лингвоаксиология құндылықтарды танып білуге, құндылықтар жүйесін зерттеп,
зерделеуге мол мүмкіндік береді. Лингвистикалық аксиология үшін ең алдымен аксиологиялық
парадигмадағы «бағалау» концептісін қарастыру маңызды. Құндылықтар бағалау категориясымен
тығыз байланысты. Бағалау – танымдық феномен ретінде сапаны анықтау формасы. Бағалау –
жалпы алғанда, әлемді тану. Өмір сүру кеңістігіндегі субъектінің қабылдау, тану тәжірибесі.
Бағалау арқылы біз құндылықтарды танимыз. Адам танымы, білімі мен мәдениеті жалпы
интеллекті деңгейіне қарай бағалау жүзеге асырылады. Баға беру арқылы лингвистикалық
аксиологиялық талдау жүргізіп, әлемнің тілдік суретінде аксиологиялық аспектілерді көрсетеміз.