Түркі тілдеріндегі тәуелдік жалғауларының пайда болу, қалыптасу тарихы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020.v180.i4.ph12Аннотация
Тәуелдік жалғауларында үш түрлі грамматикалық мағына бар: 1) атау септігінің мағынасы, 2) тәуелдік мағына, 3) жақтық мағына. Бұл үш түрлі грамматикалық мағына бұл тілдік категорияда бірден пайда бола қалмаған. Бірте-бірте орныққан. Осылардың әрқайсысы қандай жолмен, қалай қалыптасты деген сұрақтарға мақалада ғылыми негізде жауап қайтарылады. Тың ізденістер, соңғы кезде ашылған жаңалықтар жаңа тұжырым жасауға мүмкіндіктер берген. Белгілі бір заттың, нәрсенің кімнің меншігі екендігін білдіретін грамматикалық категория – тәуелдік категориясы деп аталады. Оның сөзге тәуелдік мағына үстелетін арнаулы қосымшалары тәуелдік жалғауы делінеді. Тәуелдік жалғауларының қалай пайда болып дамығандығы, қандай өзгерістерге ұшырағандығы, жалпы қалыптасу тарихы туралы түркологияда сан алуан көзқарастар бар. Көбіне бірінің пікірі біріне қарсы келіп жатады. Шындыққа сәйкес келетіндері де, шындықтан алыстап кеткендері де жоқ емес. Мақала авторлары осы пікірлердің барлығына талдау жасап, тың ойларын, тың тұжырымдарын ұсынады. Әр жаңалық нақты фактілер негізінде ашылғандықтан, қисынды нанымды. Соңғы кездегі жан-жақты ғылыми зерттеулер түркологияда әбден қалыптасқан «Тәуелдік жалғауларының арғы негізі – жіктеу есімдіктері» дейтін ескі пікірдің жаңсақ екенін көрсетті. Түркі тілдерінің, тіпті, жалпы алтай тілдерінің тарихын зерттеушілер өте көне дәуірде екпін түскен буыннан кейін айтылған жіктеу есімдіктері бара-бара өзінен бұрын тұрған, негізгі логикалық екпін түскен сөздің энклитикасына айналған дейтін пікірі бекерге шықты.