Миф ‒ автор модалділігінің берілу тәсілі ретінде
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v184.i4.ph5Аннотация
Мақалада лингвистикалық зерттеулер контексіндегі модалділік ұғымы кеңінен сипатталып, қазіргі лингвостилистика мен мәтін лингвистикасындағы модалділік категориясын зерттеудің қысқаша тарихы, теориялық материалдарды синтездеу арқылы «автор модалділігі» категориясының анықтамасы ұсынылды. Зерттеу жұмысында көтерілген «автор модалділігі» категориясы лингвистикамен де және әдебиетпен де байланыста қарастырылды. Әдебиетпен байланысы қазақ жазушысы Ә. Кекілбаев пен қырғыз жазушысы Ш. Айтматовтың шығармашылығын зерттеумен байланысты. Зерттеу жұмысы лингвистикалық тұрғыдан мәтін лингвистикасы, көркем шығарма стилистикасы, құрылымдық және коммуникативтік синтаксис сияқты салалармен байланысты. Өйткені, көркем мәтіндегі автор модалділігін, автор позициясын зерттеу осындай кешенді талдауды қажет етеді. Көркем мәтіндегі «автор модалділігі» категориясының мәтінтүзушілік қызметіне, мәтін астарының имплицитті коммуникативтік сипатына талдау жасау мәтінтүзімнің коммуникативтік прагматикалық аспектісін айқындауға көмектеседі. Көркем шығармалар тіліндегі авторлық модалділік мәтіннің лексикалық грамматикалық және композициялық деңгейлерінің элементтері арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ бейнелер, тақырыптар, авторлық идеялар мен концептілер сияқты мәтінді қабылдау нәтижесінде анықталатын прагматика-идеологиялық бірліктер арқылы көрініс табады. Көркем мәтінде автор модалділігінің берілуінің бір тәсілі ретінде мифтік сюжеттер, символдық белгілер қарастырылып, көркем шығармалардан мысалдар келтірілді, контекстік талдау және компоненттік талдау жасалды. Миф пен шындықты байланыстыру арқылы автор қазіргі замандағы қоғамдық мәселелерді көтереді, сол себепті миф шартты түрде символдық, кодталған сипатқа ие болады. Бұл автордың белгілі бір жағдаятта көзқарасын, тұжырымын, яғни автор модалділігін білдірудің бірден бір тәсілі. Бұл құрылымдардың семантикасы модалділіктің әртүрлі реңктерін қамтиды, оларды анықтау шығармада автордың қатысуын айқындауға мүмкіндік береді. Түйін сөздер: автор модалділігі, көркем мәтін, ұлттық дүниетаным, мифтік сюжет, символдық белгі.