Қазақ және түрік тілдеріндегі өсімдік атауларының уәждемесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph6Аннотация
Қазіргі кезде түркі халықтарының тілін, әдебиетін, дінін, дүниетанымын, ортақ құндылықтарын, рухани мирастарын, дүниетанымын зерттеу, зерделеу ісі белең ала бастады. Шыққан тегі бір, сан ғасырлық тарихы бойынша бірдей оқиғаларды бастан өткерген түркі халықтарының түп-төркінін тану, сайып келгенде, осы ұлысқа жататын әр халықтың өзінің өткенін, болмысын тану екендігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ және түркі тілдерінің өзара ұқсас және ерекше қасиеттерін айқындау, оны ғылымның арналы саласына айналдыру –құптарлық іс. Мақала қазақ және түрік тілдерінің сөз байлығындағы құнарлы да ауқымды саланың бірі – өсімдік атауларын екі тілдегі материалдарды, тілдік деректерді салғастыру арқылы олармен жақынырақ танысудың, тақырыптық мазмұны мен теориялық негізін меңгерудің бірден-бір ғылыми-практикалық құралы болып саналады. Қазақ және түрік халқының өсімдіктерге қатысты дүниетанымын этнолингвистикалық қырынан таныту осы мақсаттың нәтижесінде жарыққа шықты. Мақаламызда қос халық тіліндегі өсімдік атауларының шығуына негіз болған уәждемелер, олардың басқа құбылыстарға ұқсастырыла қойылған атаулары салыстырылып, ортақ тұстары мен айырмашылықтары, мәдени өсімдіктерге қатысты лексемалардағы ұлттық таным сипатталып, айқындалды. Өсімдік атауларының тілдік табиғаты этнолингвистикалық тұрғыда зерттепзерделенді. Өсімдіктердің жіктелімі бойынша атаулар табиғатына назар салынды. Қазақ және түрік тілдеріндегі өсімдік атаулары семантикалық тұрғыдан топтастырылды. Тіл біліміндегі өсімдік атауларының зерттелуіне, этнолингвистикалық зерттеулерге шолу жасалынды. Қазақ және түрік тілдеріндегі фитонимдердің ортақ ұстарына талдау жасалып, олар этнолингвистикалық аспектіде қарастырылды. Түркі халықтарының мифологиясын зерделеп, өсімдікке қатысты түсініктерін көрсету, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін салғастыру да зерттеудің негізгі мақсатына кіреді. Түйін сөздер: этнолингвистика, ұлттық таным, өсімдік атаулары, уәждеме.