Даулы мәтіндегі дерек туралы мәлімдеменің лингвосараптамасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph16Аннотация
Тілдің қоғам өмірінің түрлі салаларындағы қызметі, қолданысы барысында құқық бұзушылыққа жол беру жағдайлары кездеседі. Бұл тұрғыдағы мәселелер тіл білімі мен заң салалары тоғысында қарастырылып, теориялық және әдістемелік жағынан зерттеулерді қажет етеді. Осыған байланысты мақалада тұлғаның ар-намысы, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіру туралы сот ісі бойынша даулы мәтіннің лингвистикалық сараптамасы барысында туындайтын сұрақтар және оларды шешу жолдары қарастырылады. Дерек туралы мәлімдеменің субъективті бағаны және объективті деректі білдіру мүмкіндіктері және оларды өзара ажыратудағы семантикалық талдаудың орны сарапшы-мамандар назарына ұсынылады. Даулы мәтіннен сот ісінде маңызды болып табылатын шындыққа сәйкестігі тексеріле алатын дерек туралы мәлімдемені анықтау өлшемдері талданылады. Эксплицитті және имплицитті тілдік бірліктер семантикасында шындыққа сәйкестігі тексеріле алатын мәліметтің қамтылу сипаты дерек туралы мәлімдеменің басты белгілерінің бірі ретінде көрсетіледі. Дерек (факт) және деректік сипаты бар фактоидтарды өзара ажырату арқылы шындыққа сәйкестігі тексеріле алатын мәліметті анықтау мүмкіндігі нақты мысалдар негізінде талданылады. Сонымен қатар сөйлем, сөйленіс, сөйлеу актілерінің шынайылық мәніс анықталатын бөлігі туралы пропозиция теориясы ғылыми қағидаларының сот-лингвистикалық сараптамадағы маңызы көрсетіледі. Мақала сот-лингвистикалық сараптама саласы мамандарына арналады. Түйін сөздер. Лингвосараптама, дерек туралы мәлімдеме, жағымсыз мәлімет, сөйлемнің пропозициясы, имлицитті және эксплицитті тілдік бірліктер, семантикалық талдау, грамматикалық маркерлердің рөлі